
Мемлекет басшысы Үкімет пен әкімдерге қаратып, «Таза Қазақстан» тұжырымдамасының орындалуы, бұл — конституциялық міндет екенін айтты.
«Тұтастай алғанда, қаланы тиімді негізде салып, жан-жақты дамыту керек. Барлық нысандар құрылыс саласындағы озық халықаралық талаптар мен ережелерге толық сай болуға тиіс. Жалпы, Alatau city тұжырымдамасының мақсаты – бизнеске қолайлы жағдай жасау, инвестициялық жобаларды іске қосу, жұртты жұмыспен қамту және заманауи инфрақұрылым салу.
Қала төрт ауданға бөлінеді. Бой көтеретін ғимараттардың барлығы халықаралық іскерлік және инновациялық орталықтарға қойылатын талапқа сәйкес болуы керек.
Қаланы абаттандыруға және жайлы қоғамдық орындар салуға ерекше назар аудару қажет.
Осыған байланысты Үкіметке, әкімдерге тағы да айтарым: «Таза Қазақстан» тұжырымдамасының орындалуы, бұл – конституциялық міндет.
«Таза» деген сөздің мағынасы көпқырлы. Бұл – қалаларымызды тазалау, көгалдандыру, көркейту, абаттандыру деген сөз.
Сонымен қатар бұл – ниетіміздің тазалығын сақтау, отаншылдығымызды паш ету деген сөз. «Таза Қазақстан» жалпыхалықтық қозғалысы Әділетті Қазақстанның болмысына, тіпті, оның тұтас идеологиясына айналуы керек», — деді Мемлекет басшысы бүгін Алматы облысындағы Алатау қаласының даму жоспарымен танысу барысында.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл пікірі «Таза Қазақстан» бастамасының тек экологиялық науқан емес, елдің ұзақ мерзімді даму стратегиясының маңызды бөлігіне айналғанын көрсетеді. Бүгінде әлемдегі бәсекеге қабілетті қалалар экономикалық көрсеткіштерімен ғана емес, тұрғындарға қолайлы ортасымен, қоғамдық кеңістіктерінің сапасымен және экологиялық мәдениет деңгейімен ерекшеленеді. Сондықтан көгалдандыру, абаттандыру, қоғамдық орындарды күтіп ұстау және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәселелері өңірлік саясаттың ажырамас бөлігі болуы тиіс. Мемлекет басшысы атап өткендей, «Таза Қазақстан» ұғымы тазалық пен тәртіптен әлдеқайда кең мағынаға ие. Ол азаматтық жауапкершілікті, туған жерге жанашырлықты және қоғамның ортақ құндылықтарға деген құрметін білдіреді. Мұндай қағидаттардың орнығуы өңірлердің тұрақты дамуына, инвестициялық тартымдылықтың артуына және халықтың өмір сүру сапасының жақсаруына берік негіз қалайды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
