Мемлекеттік рәміздер – Тәуелсіздіктің тұғыры

4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні. Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба және Мемлекеттік Әнұран – еліміздің егемендігі мен бірлігін айқындайтын басты құндылықтар. Олар халқымыздың тарихын, мәдениетін, ұлттық болмысын және тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасқан ұстанымдарын бейнелейді.

Мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсету – әр азаматтың парызы әрі Отанға деген сүйіспеншіліктің көрінісі. Рәміздерімізді қастерлеу арқылы біз елдік мұраттар мен ұлттық құндылықтарды дәріптеп, өскелең ұрпақтың бойына патриоттық рухты қалыптастырамыз.

Мемлекеттік рәміздер – Тәуелсіз Қазақстанның айбыны мен абыройын әлемге танытатын маңызды нышандар. Еліміздің көк байрағы әрдайым биікте желбіреп, мәртебесі асқақтай берсін!

Осы ретте айта өтейік, бүгін Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қала тұрғындарын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтады.

Қала әкімі өз құттықтауында мемлекеттік рәміздердің қабылдануы Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуындағы маңызды тарихи кезеңдердің бірі екенін атап өтті. Елтаңба, Ту және Әнұран ел егемендігін айшықтап, мемлекеттіліктің берік негізін қалыптастырған қастерлі құндылықтар екені айтылды.

Сондай-ақ мемлекеттік рәміздер халқымыздың рухын, бірлігі мен ынтымағын, бейбіт өмір мен жарқын болашаққа деген ұмтылысын білдіретіні ерекше атап өтілді.

Қала басшысы көк байрақтағы алтын күн мен қыран бейнесі бүгінде әлемге бейбітсүйгіш, өркендеуге ұмтылған және қуатты Қазақстанның символы ретінде танылғанын жеткізді. Сонымен қатар мемлекеттік рәміздерді қастерлеу әр азаматтың перзенттік парызы әрі туған елге деген сүйіспеншіліктің көрінісі екеніне тоқталды.

Құттықтау соңында қала әкімі тұрғындарға зор денсаулық, бақ-береке, бейбіт өмір мен толағай табыс тілеп, мемлекеттік рәміздер еліміздің мерейін асқақтатып, жаңа жетістіктерге жетелей беруіне тілектестік білдірді.

Жалпы, Шымкент қаласының тұрғындары Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күнін ерекше ықыласпен қарсы алды. Қаланың әр ауданындағы көпқабатты тұрғын үйлер мен тұрғын үй кешендерінің тұрғындары Мемлекеттік Туды үйлерінің қасбеттеріне іліп, елдік мерекеге деген құрметтерін білдірді.

Мемлекеттік рәміздерді ұлықтауға бағытталған бастамаға қала тұрғындары белсенді қатысып, патриоттық рухты дәріптеуге өз үлестерін қосты. Қала аумағындағы көптеген тұрғын үйлерде желбіреген Көк Ту мерекенің мән-маңызын айшықтап, ел бірлігі мен тәуелсіздігінің символына айналды.

Бұл игі бастама тұрғындардың мемлекеттік нышандарға деген құрметін көрсетіп қана қоймай, қоғамдағы бірлік пен ынтымақты нығайтуға да ықпал етті. Қаланың бірнеше ауданында ұйымдастырылған акциялар мен мерекелік безендіру жұмыстары ерекше атмосфера қалыптастырып, елдік рухты асқақтатты.

Иә, Мемлекеттік рәміздер еліміздің тарихи жолын бейнелеп, патриоттық тәрбиенің негіздерін нығайтатын ұлттық сананың маңызды бөлігі болып қала береді. Бұл мерекелік күн мемлекеттік рәміздерге құрметпен қараудың және олардың қоғам үшін маңызын ұғынудың қажеттілігін еске салады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You