
Бүгін аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Кезекті қабылдауға әкімнің орынбасарлары, дербес бөлімдер мен мекеме басшылары қатысты.
Қабылдау барысында тұрғындар тұрақты жұмысқа орналасу, тұрғын үй алу, жолдарды жөндеу, көшелерге атау беру, жер телімін бөлу, ауыз сумен қамтамасыз ету және өзге де әлеуметтік маңызы бар мәселелерді көтерді. Аудан басшысы азаматтардың өтініштері мен ұсыныстарын мұқият тыңдап, барлық айтылған мәселелердің тұрақты бақылауға алынатынын жеткізді. Сонымен қатар, тиісті орынбасарлар мен бөлім басшыларына көтерілген мәселелерді жан-жақты зерделеп, заң шеңберінде шешу жолдарын қарастыруды тапсырды.
Естеріңізде болса, өткен айдың 26-сында да аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдап, азаматтардың өтініштері мен талап-тілектерін тыңдаған-ды. Қабылдауға алдын ала тіркелген тұрғындар әлеуметтік жағдай, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, инфрақұрылым, жер мәселесі, жұмыспен қамту, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау және ауылдық округтердің тыныс-тіршілігіне қатысты түрлі сұрақтарын ортаға салды. Әрбір азаматтың өтініші мұқият тыңдалып, мәселелерінің мән-жайы жан-жақты қаралды. Тұрғындар көтерген жекелеген сұрақтар бойынша тиісті бөлім басшыларына нақты тапсырмалар беріліп, орындалу мерзімі белгіленді. Шұғыл шешімді қажет ететін өтініштер сол жерде талқыланып, үйлестіру жұмыстары жолға қойылды.
Аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы тұрғындардың талап-тілектеріне назар аудару — мемлекеттік қызметтің басты міндеттерінің бірі екенін атап өтті. Сонымен қатар, халықпен ашық диалогты күшейту, жергілікті мәселелерді ертерек анықтау және оларды жедел шешу бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жалғасатынын жеткізді.
Бұдан бөлек қазан айының 22-сінде де Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлы бекітілген кестеге сәйкес азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауға келген тұрғындар тұрғын үй алу, әлеуметтік көмек көрсету, жұмыспен қамту, инженерлік инфрақұрылым мен жер қатынастарына қатысты өз өтініш-тілектерін білдірді.
Қабылдау барысында аудан әкімінің орынбасарлары, ауыл әкімдері, тиісті бөлімдер мен мекеме басшылары көтерілген мәселелерге байланысты тиістілігіне қарай жауап беріп отырды.
Аудан әкімі әрбір азаматтың мәселесін мұқият тыңдап, көтерілген сұрақтарды шешу бойынша жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берді. Бірқатар өтініштер сол сәтте өз шешімін тапса, кейбірі бақылауға алынды.
Қайрат Жолдыбайұлы азаматтарды толғандырған мәселелерді заң аясында шешудің маңыздылығын атап өтіп, тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарының аудан басшылығының тұрақты назарында болатынын жеткізді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
