![]()
Бүгін 16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай Отырар ауданында көпбалалы аналарды ұлықтауға арналған салтанатты іс-шара өтті.
Іс-шара аясында аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы ел болашағы – саналы ұрпақтың қалыптасуына өлшеусіз үлес қосып жүрген көпбалалы аналарға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» төсбелгілерін табыстады. Жиында аудан басшысы ұлттың ұйытқысы болып отырған аналардың қоғамдағы рөліне ерекше тоқталып, олардың ел демографиясына қосып отырған үлесі – ұрпақ тәрбиелеудегі ерлікпен тең екенін атап өтті. Ол өз сөзінде: «Әр шаңырақтың ұйтқысы, берекесін еселеп жүрген аяулы аналардың қоғамдағы орны бөлек. Олар Тәуелсіз елдің жарқын, айбынды ұрпағын тәрбиелеуде. Баласын елдің қызметіне лайықты азамат ретінде тәрбиелеген жан — барлық мақтауға лайық. Отбасыларыңызға амандық тілеймін», – деді.
Жыл сайын Мемлекет басшысының Жарлығымен жеті және одан да көп баланы дүниеге әкеліп, тәрбиелеп отырған аналарға «Алтын алқа», ал алты баланы өмірге әкелген аналарға «Күміс алқа» мемлекеттік наградалары табысталады. Бұл марапат – аналардың көпжылдық еңбегі мен отбасындағы зор жауапкершілігін бағалаудың айғағы.
ҚР Президентінің 2025 жылғы 14 қазандағы №1044 Жарлығының негізінде отырарлық 3 ана «Алтын алқа», ал 15 ана «Күміс алқа» төсбелгісімен марапатталып отыр. Салтанатты рәсімде аналарға төсбелгілер мен куәліктер табысталып, аудан әкімдігі атынан гүл шоқтары мен естелік сыйлықтар ұсынылды.
Еске салайық, бүгінде Отырар ауданында 66 батыр ана, «Алтын алқа» орденімен марапатталған 680 ана, «Күміс алқа» орденімен марапатталған 1348 ана, І-ІІ дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталған 134 ана бар.
Өткен айдың 11-інде де аудан әкімдігінің мәжіліс залында ерекше құрметке толы жиын өткен-ді. Аудан әкімінің міндетін атқарушы Қыдырбай Құнанбайұлы Сейітқұл көпбалалы аналарды қабылдап, оларға Мемлекет басшысының атынан мемлекеттік наградаларды табыстаған болатын.
Аталған іс-шараның басты мақсаты – өмірін бала тәрбиесіне һәм ұлт болашағын қалыптастыруға арнаған аналар еңбегін бағалау және оларға құрмет көрсету.
Жиында Қыдырбай Құнанбайұлы аналардың қоғамдағы рөлін ерекше атап өтіп: «Ана – өмірдің бастауы, отбасының тірегі, ұлттың ұйытқысы. Сіздер ел ертеңі – жас ұрпақтың бойына мейірім мен ізгілікті сіңіріп, еліміздің өркендеуіне өз үлестеріңізді қосып келесіздер. Сондықтан мемлекет тарапынан көпбалалы аналарға көрсетіліп жатқан қолдау – аналар еңбегіне деген шынайы құрметтің белгісі. Баршаңызға амандық, отбасыларыңызға береке тілеймін», – деген-ді.
Сондай-ақ қазан айының 29-ында да Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлы аудандағы көпбалалы аналарды қабылдап, еліміздің демографиялық дамуына және ұрпақ тәрбиесіне зор үлес қосып келе жатқан ардақты жандарды марапаттады. Іс-шара барысында аудан басшысы аналарға құрмет көрсетіп, мемлекетіміздің болашағы – өскелең ұрпақ тәрбиелеудегі еңбектерінің маңыздылығын ерекше атап өтті.
Аудан әкімі өз сөзінде: «Кез келген мемлекеттің болашағы – оның саналы ұрпағы. Бүгінгі сәби – ертеңгі ел азаматы. Сондықтан ұрпақ тәрбиелеу жолындағы аналардың еңбегі өлшеусіз. Дүниеге перзент әкеліп, оларға өнегелі тәрбие беріп отырған Сіздерге айтар алғысымыз шексіз. Сіздер елдің демографиялық әлеуетін арттырып қана қоймай, ұлт болашағын тәрбиелеп отырған абзал жандарсыздар. Отбасындағы ынтымақ пен бірліктің, мейірім мен ізгіліктің негізі – аналар. Мемлекет аналарды әрдайым қолдап, олардың еңбегін жоғары бағалайды», – деген болатын.
Марапат иелері өз кезегінде мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау мен қамқорлыққа ризашылықтарын білдіріп, елдің өркендеуі жолында адал еңбек етіп, ұрпақ тәрбиелеуді жалғастыра беретіндіктерін жеткізген-ді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
