
Түркістан облысында су тапшылығын жою мақсатында су үнемдеу технологиясын енгізу жұмыстары кеңінен қолданылып келеді. Соның бірегейі Отырар ауданының Қарғалы ауылында жүзеге асырылып, тамшылатып суару әдісі арқылы күріш және мақта шаруашылығы қолға алынған.
Естеріңізде болса, қыркүйек айының соңына таман облыс әкімі Нұралхан Көшеров Отырар ауданына арнайы жұмыс сапарымен барып, «Таймас-2024» ЖШС-нің мақта және күріш алқабының жұмысымен танысқан болатын. Инвесторлармен және алқап иесімен кездесіп, егістік жұмыстарын жандандыруды тапсырғаны да — есімізде. Және сол ретте тың жобаларды қолдауға әрдайым дайын екенін жеткізген-ді.
«Таймас-2024» ЖШС-нің директоры Төлеген Серікбаев облыс әкімдігінің үйлестіруімен шетелге іссапарға шығып, инвесторлармен келіскенін жеткізді. Осы арқылы жаңа жобасын жүзеге асырды. Егін алқабына су үнемдеу технологиясын енгізу арқылы күріш, мақта, пісте дақылдары жерсіндірілді. Жоба құны – 2 миллиард теңге. Аталған жұмыстар инвестор тарапынан қаржыландырылды. Кешен аумағы 5 мың гектарды құрайды. Оның ішінде 2300 гектар жерге мақта, 500 гектарға күріш, қалған 200 гектар жерге пісте дақылдары егілген. Алқап жұмыстарына 45 ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылған. Жоба қуаттылығына келсек, әр гектардан 50 центнер күріш алу көзделген-ді. Мұнда 25 маусымдық жұмыс орны ашылды. Жаңа әдіс арқылы су бірнеше есе үнемделген.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев су үнемдеу технологияларын енгізу және ауыл шаруашылығы саласында жалпы өнімінің көлемін ұлғайту бағытында бірқатар тапсырмалар берген-ді. Бұл бағытта Түркістан облысында мақсатты жобалар қолға алынып, бүгінде сапалы жұмыстар атқарылуда. Биыл өңірде ауыл шаруашылығы алқаптарына су үнемдеу технологияларын 27 мың гектарға енгізу жоспарланып, қазіргі уақытта 59 мың гектар жерге ендірілген. 2028 жылға дейін жыл сайын 27 мың гектарға енгізу жоспарланса, облыста мүмкіндігіне қарай су үнемдеу технологияларын жыл сайын 50 мың гектарға ендіру көзделіп отыр. Бұл әдіс ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттыруға мүмкіндік береді.
Осы тұрғыда ауыз толтырып айтар жетістік Отырар ауданында 7 қазан – Дүниежүзілік мақта күніне орай, қазан айында ауқымды «AQ-DALA» мақташылар фестивалі өтті. Іс-шараның мақсаты – мақта шаруашылығының өңірдегі даму тарихын, жетістіктері мен жаңалықтарын дәріптеу, жаңа технологияның қолданысын кеңейту және «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында шаруаларға құрмет көрсету.
Фестиваль аясында егіс алқабына экскурсия, ауыл шаруашылығы және мақта шаруашылығына арналған техника көрмесі ұйымдастырылып, жаңа агротехнологиялар таныстрылымы өтті.
Салтанатты шараға арнайы қатысқан Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров ауыл шарушалығы еңбеккерлерін мерекемен құттықтап, сала үздіктерін марапаттады.
– Сіздерді «AQ DALA» мақта фестивалі салтанатты мерекесінің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Мақта – өңіріміздің басты дақылы. Тоқыма өнеркәсібінің негізгі шикізаты ғана емес, мыңдаған отбасылардың тұрмысын түзеп, ауылдың әлеуетін көтеріп отырған берекелі өнім. Осы жолда маңдай терін төгіп жүрген диқандарымыздың еңбегі – нағыз құрметке лайық. Мемлекет басшысы биыл Қазақстан халқына Жолдауында ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеруді міндеттеп, суармалы жерлерді тиімді пайдалану және заманауи технологияларды енгізуді тапсырды. Шикізат өндіруден терең қайта өңдеуге көшу қажеттілігін ерекше атап өтті. Біз мақтаны тек шикізат күйінде ғана емес, дайын өнімге айналдырып, өзіміздің тоқыма өнеркәсібімізді дамыту бағытында жұмыс жасаудамыз. Бүгін мақта-тоқыма кластері бойынша алғашқы жобаның нақты жүзеге асырылуының куәсі болып отырмыз. Аталған кластердің жалғасы ретінде, «Turan» арнайы экономикалық аймағында мақтаны терең өңдеу және дайын өнімді экспорттауға бағытталған көпсалалы нысанның құрылысы жүргізілуде. Болашақта made in Turkestan тігін жіптері мен маталары танымал брендтерде сатылатын болады. Осы озық тәжірибе аясында өңірімізде инвестиция тарту жұмыстары жалғасын табады. Облыс әкімдігі тарапынан әрбір инвесторға қолдау көрсетіліп, қолайлы жағдай жасауға әрқашан дайынбыз. Біздің басты мақсатымыз – еңбек адамының тұрмысын жақсартып, ауыл шаруашылығы саласын жаңа деңгейге көтеру. Сіздердің табанды еңбектеріңіздің арқасында Түркістан облысы ғана емес, бүкіл Қазақстан «ақ алтынмен» танылып отыр. Осы сәтті пайдалана отырып, баршаңызды озық технологияларды енгізу арқылы, табыстарыңыз бен облысымыздың экономикасына қосатын үлестеріңізді арттыруға шақырамын. Облысымыздың мақта шаруашылығын жаңа биіктерге көтеріп, еліміздің аграрлық саласын өркендету бағытында жұмылып аянбай еңбек етейік. Мереке құтты болсын! – деді Нұралхан Оралбайұлы.
Салтанатты шарада бірқатар еңбек адамдарына ҚР Мемлекеттік наградалары, грамоталар мен алғыс хаттар табысталды. Марапаттау рәсімі эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерттік бағдарламаға ұласты.
Атап өтерлігі, Түркістан облысында 5 мақта-тоқыма кластерін құру жұмыстары жүргізілуде. Жобалардың өңдеу қуаттылығы жылына 193 мың тоннаны құрайды. Нәтижесінде, 7 мыңнан астам жұмыс орны ашылады.
Инвестициялық жобаның негізінде Отырар ауданы мен Арыс қаласында 32 мың гектарға жаңа технологиямен мақта дақылы егілді. Жобаның негізгі мақсаты — су үнемдеу технологиясын енгізу нәтижесінде тұтынылатын су көлемін 50% пайызға үнемдеу арқылы өнімділікті 2-3 есеге арттыру. Қазіргі жаһандық су тапшылығы жағдайында бұл өте маңызды әрі дұрыс шешім. Жаңа әдіс қалыптасқан дәстүрлі мақта егу технологиясынан әлде қайда тиімді. Осы күнге дейін өңір диқандары 1 гектар мақта алқабынан 25 центнер өнім немесе 625 мың теңге пайда табатын болса, жаңа технологияны ендіру арқылы дәл сол 1 гектар алқабтан 60 центнерден астам немесе 2-3 есе көп өнім мен пайда табуға мүмкіндігі бар. Бұл — Мемлекет басшысының оң стратегиясының айқын дәлелі.
Мемлекет тарапынан су үнемдеу технологияларын енгізуге кеткен шығындардың 80 пайызына дейін субсидиялау – шаруаларға жаңа технологияны ендіру жолындағы қолдау әрі үлкен мүмкіндік. Осы жылға жоспарланған 27 мың гектардың орнына 59 мың гектар жерге су үнемдеу технологиялары ендіріліп, жоспар 2 есе артығымен орындалды. Нәтижесінде, 150 миллион текше метрден астам ағын су көлемі үнемделді.
«Turan» арнайы экономикалық аймағында мақтаны терең өңдеу және дайын өнімді экспорттауға бағытталған көпсалалы нысанның құрылысы жүргізілуде. Толық циклды тоқыма фабрикасында иіру, мата өндіру, бояу, өңдеу бойынша 8 фабриканы іске қосу жоспарланса, оның алғашқысы (жіп иіру фабрикасы) осы жылдың қараша айында жұмысын бастады. Жылына 13 мың тонна иірімжіп, 50 миллион метр мата, 7 миллион жиынтық төсек орын шығару көзделіп отыр.
Айта кетейік, биыл облыс шаруалары 144,5 мың гектарға мақта егіп, баптады. Диқандар жалпы 470 мың тонна шитті мақта жинады. Түркістан облысында 25 мақта зауыты, 175 мақта қабылдау бекеті қызмет етеді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
