
Бүгін аудан әкімдігінің мәжіліс залында Түркістан облысы әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Ербол Керімбекұлы Орманов аудандағы мемлекеттік әкімшілік қызметшілермен кездесу өткізді. Кездесуге аудан әкімі аппаратының қызметкерлері, ауыл округтерінің әкімдері, бөлімдер мен мекеме басшылары, мемлекеттік әкімшілік қызметшілер, БАҚ өкілдері қатысты.
Жиында аудан әкімі аппаратының басшысы, Әдеп жөніндегі уәкіл Әшім Қабланұлы Елеусізов ауданда мемлекеттік қызметшілерің әдеп нормаларын сақтауы, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, лудомания, ойынқұмарлықтан бас тарту секілді бағыттар бойынша атқарылған профилактикалық жұмыстарды баяндады.
«Бүгінгі таңда Отырар ауданы бойынша жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын 9 атқарушы орган, 13 ауыл округі әкім аппараты мемлекеттік қызмет көрсетеді. 2025 жылдың есепті мерзімінде мемлекеттік орган қызметкерлерінің қатысуымен «Мемлекеттік қызметшілердің негізгі құқықтары», «Мемлекеттік қызметшілердің, олардың отбасылары мүшелерінің әлеуметтік кепілдіктері» және тағы басқа мемлекеттік қызметшілердің қорғалуы туралы түсініктемелерлер беру туралы 13 жиын өткен. Жиын барысында бірнеше сауалнамалар алынып, ұсыныс-пікірлер тыңдалған. Жыл басынан бері әдеп жөніндегі уәкіл 9 рет консультативті көмек, 11 жеке және заңды тұлғалар мен 9 рет шығу кездесулері өткен», — деді ол.
Басқосуда Ербол Керімбекұлы қатысушыларға күнделікті қызмет барысында кездесетін әдептік мәселелерді шешу жолдары, азаматтармен қарым-қатынас этикасы және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, облыс кесіндісінде мемлекеттік қызметшілердің болмысын көтеру мақсатында жұмыстар жүргізуді тапсырды. Жиын барысында мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі талаптарын сақтау, қызметтік әдептілікті нығайту, жұмыс орнындағы мінез-құлық мәдениеті жайы кеңінен талқыланды.
Кездесу соңында қызметкерлер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріліп, ұсыныстар мен пікірлер тыңдалды.
Жалпы, Отырар ауданында қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында мемлекеттік мекеме қызметкерлері арасында осындай шаралар жиі ұйымдастырылады. Мәселен, қараша айында кіші футболдан аудандық турнир өтті. Аталған спорттық шара Отырар ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің бастамасымен және «Түркістан облысының Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігі қауымдастығының ұйымдастыруымен өткізілді.
«Өзгерісті өзіңнен баста!» ұранымен өткен турнирге аудан аумағындағы мемлекеттік мекемелерден құралған командалар қатысып, бақтарын сынады. Шараның мақсаты — мемлекеттік қызметшілер арасында салауатты өмір салтын дәріптеу, әділдік пен адалдық қағидаттарын нығайту, сондай-ақ ұжымдық рухты арттыру болды.
Турнирдің ашылу салтанатына Отырар ауданы әкімінің орынбасары Қыдырбай Құнанбайұлы Сейітқұл қатысып, спорт бірлік пен әділдіктің символы екенін атап өтті. Ол өз сөзінде: «Мұндай іс-шаралар мемлекеттік қызметшілер арасында достық пен ынтымақтастықты күшейтіп қана қоймай, қоғамда адалдық пен әділдік мәдениетін қалыптастыруға үлкен үлес қосады», — дей келе, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жарыс кіші футболдың стандартты ережелері бойынша өтті. Барлық кездесулер әділ төрешілікпен өтіп, командалар өзара тартысты ойын өрнегін көрсетті. Тартысты ойын нәтижесінде бірінші орынды «Жайлы мектеп» командасы иеленсе, екінші орынды «Жер қатынастары бөлімі» командасы, ал үшінші орынды «Аудан әкімі аппараты» командасы қанжығасына байлады. Турнирдің қорытындысында жеңімпаздар мен белсенділік танытқан командаларға дипломдар, кубоктар мен арнайы сыйлықтар табысталды. Шара соңында ұйымдастырушылар мұндай спорттық іс-шаралар мемлекеттік қызметкерлердің ынтымақтастығын арттырып, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
