Отырар ауданында канал жөндеуге байланысты жергілікті тұрғындар тұрақты жұмыспен қамтылды

Loading

Жергілікті шаруаларының аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлына айтқан ағын су тапшылығына қатысты өтініштері қолдау тауып, каналдарды бетондау жұмыстары басталған болатын. Қазіргі таңда Қарғалы ауылдық округі аумағындағы «Д.Алтынбеков» каналының аяқ жақ бөлігіндегі 10,7 шақырымды бетонмен қаптау және күрделі жөндеу жұмыстары қарқынды жүруде.

«Қазводхоз» РМК филиалының тапсырысы аясында іске асып жатқан жобаның құны 2,7 миллиард теңгені құрайды. Бүгінде каналдың 5,5 шақырым бөлігі толықтай топырақпен көтеріліп, нығыздау жұмыстары жүргізілген. Ал, 4,5 шақырымы қайта қазылып, 1,4 шақырымын бетонмен қаптау жұмыстары атқарылуда.

Нысанның мерзімінде әрі сапалы орындалуы үшін 15 арнайы техника жұмысқа тартылған. Жоба аясында жалпы 62 адам, оның ішінде 20 адам жергілікті жерден тұрақты жұмыспен қамтылған.

Атап өту керек, ағын су — Отырар ауданындағы ауыл шаруашылығының күретамыры. Оны тиімді басқару тек егіс алқаптарын суару ғана емес, бүкіл өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер етеді.

«Қызыл Ту» насос станциясы тозығы жеткен ескі қондырғыларға бірнеше рет күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілгенімен, олар халықтың сұранысын толық қамтамасыз етуге қауқарсыз болып келген еді. Аталған мәселе аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлының бастамасымен «Қазсушар» РМК басшылығы мен ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің назарына жеткізіліп, станцияға жаңа қондырғылар алу туралы ұсыныс айтылған болатын.

Ағымдағы жылдың маусым айында «Қазсушар» РМК тарапынан «Қызыл ту» насос станциясына 3 дана жаңа (2Д-2000-21) насос қондырғылары орнатылды. Бүгінгі таңда «Алтынбеков» каналына қосымша 2,5 м3/сек ағын су босатылып, Қоғам, Қарғалы ауыл округіндегі агроқұрылымдарға кезегімен берілуде.

Жаңа құрылғылардың үздіксіз әрі тиімді жұмыс істеуінің нәтежиесінде шаруалардың жұмысын жеңілдетіп, биылғы суару маусымының кедергісіз өтуіне септігін тигізеді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You