Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысының әкімі мен өңір тұрғындарына ризашылығын білдірді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 15 мамыр күні Түркістанда өткен Түркі мемлекеттері ұйымы бейресми саммитінің қорытындысы бойынша жиналыс өткізіп, маңызды халықаралық іс-шараға жан-жақты дайындалған облыс әкімі Нұралхан Көшеров пен өңір тұрғындарына ризашылығын білдірді.

Осы атқарылған жұмыстың арқасында түркі жұртының қасиетті қарашаңырағы саналатын Түркістан қаласы мәдени-гуманитарлық ықпалдастықтың әлеуетті орталығы ретінде ірі халықаралық іс-шараларды өткізуге әзір екенін көрсетті.  Президенттің айтуынша, шет мемлекеттердің басшылары мен саммитке қатысушылар көлік жолдарының сапасына, жасыл желегі мол көшелердің, саябақтардың тазалығына жоғары баға берген. Мемлекет басшысы облыс және қала әкіміне еліміздің ғана емес, тұтас өңірдің жауһары – көне Түркістан шаһарын дамыту мен абаттандыру жұмыстарына айрықша мән беруді тапсырды.

Сонымен қатар Президент Қазақстанның абырой-беделі үшін адал еңбек еткен әкімдік пен мемлекеттік мекемелердің, әскери және құқық қорғау органдарының қызметкерлерін, коммуналдық қызмет жұмысшыларын, еріктілерді, сондай-ақ басқа да белсенділерді мемлекеттік наградалармен, құрмет грамоталарымен және алғыс хаттармен марапаттау туралы шешім қабылдағанын жеткізді.

Осы ретте Түркістан облысының әкімі Нұралхан КӨШЕРОВ: “Мамыр айының ортасында Түркістан қаласы Түркі әлемі елдерінің назарында болды. Түркістан төрінде 5 елдің басшысы кездесіп, маңызды мәселелерді талқылады. Бауырлас елдердің бірлігі бекіп, өзара сыйластығы арта түсті. Қасиетті Қожа Ахмет Ясауи кесенесі маңында айтылған бастамалар жүзеге асып, игі тілектер қабыл болғай.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өткен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінің қорытындысы бойынша өңіріміздің атқарған жұмысына жоғары баға беріп, Түркістан облысының тұрғындарына, осы игі іске атсалысқан қызметкерлерге алғысын білдірді.

Бұл – ең алдымен, қасиетті Түркістанның абыройы, ел үшін еңбек еткен барша азаматтардың еңбегіне берілген баға.

Түркі әлемінің рухани астанасында өткен тарихи саммит бауырлас елдердің ынтымағын одан әрі нығайтып, көне шаһардың халықаралық деңгейдегі беделін жаңа белеске көтерді. Түркістан халықаралық іс-шараларды жоғары деңгейде өткізе алатын маңызды орталық екенін тағы бір дәлелдеді.

Бұл ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының Түркістанға әрдайым айрықша қолдау көрсетіп, өңірдің дамуына серпін беріп келе жатқанын ел біледі. Шаһарға ерекше мәртебе беріп, осы саммитті Түркістанға өткізуге бастамашы болып, ыстық ықыласы мен сенімін білдірді. Бұл – тарихқа деген құрмет.

Сондықтан бүгінгі сәтті пайдаланып, Мемлекет басшысына барша Түркістан тұрғындары атынан шынайы алғыс айтып, ризашылығымды жеткізгім келеді. Осы мерейлі сәтті пайдаланып, Қасым-Жомарт Кемелұлын бүгінгі туған күнімен шын жүректен құттықтаймын! Президентіміздің мемлекетімізді дамыту бағытындағы бастамалары мен тапсырмаларын жүзеге асыруға бар күшімізді саламыз.

Қадірлі жерлестер!

Түркістан тағы бір жауапты миссияны абыроймен атқарды. Халқымыз жұдырықтай жұмылып, шынайы отаншылдықпен еңбек етті. Саммиттің жоғары деңгейде өтуіне үлес қосқан құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне, әскери сала өкілдеріне, коммуналдық қызмет мамандарына, дәрігерлерге, еріктілерге, мемлекеттік қызметшілерге және барша Түркістан халқына алғыс айтамын.

Бірлігіміз бекем болып, Түркістанымыз түлей берсін!” – деп пікірін білдірді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You