Президент тапсырмасы: Шымкент шаһарында ерекше жандарға арналған орталық салынып жатыр

Loading

Шымкент қаласында әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және ерекше күтімді қажет ететін адамдарға қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы ауқымды жобалар жүйелі жүзеге асырылып келеді. Соның бірі – Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес салынып жатқан 150 орындық заманауи оңалту орталығы. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

2024 жылдың желтоқсан айында басталған құрылыс бүгінде қарқынды жүргізілуде. Бозарық шағынауданында орналасқан кешеннің жалпы аумағы 5,3 гектарды құрайды. Жоба 5 блоктан тұрады және халықаралық талаптарға сай жабдықталмақ.

Орталықта І-ІІ топтағы мүгедектігі бар азаматтарға жартылай стационарлық жағдайда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. Бұл қызметтер осы санаттағы азаматтардың өмір сапасын арттыруға, олардың қоғамға бейімделуіне және әлеуметтік қолдауды жан-жақты қамтамасыз етуге бағытталған.

Кешен аумағында спорт залы, емдік-сауықтыру бассейні, акт залы, үш қабатты оңалту корпусы, кең асхана, екі қабатты стационар және қосымша техникалық нысандар қарастырылған. Қазіргі таңда құрылыстың 60 пайызы аяқталды. Барлық жұмыс тиісті талаптар мен сапа стандарттарына сәйкес жүргізілуде. Нысан құрылысында 262 жұмысшы еңбек етеді.

Жобаны 2026 жылдың желтоқсан айында аяқтап, пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл бастама Шымкенттің әлеуметтік жауапкершілігі жоғары мегаполис ретіндегі әлеуетін арттырып, қала тұрғындары үшін қолайлы әрі қамқор орта қалыптастыруға серпін береді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамның әлжуаз топтарын қолдау мен инклюзивті ортаны дамыту мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі екенін үнемі атап келеді. Бүгінде Үкімет әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыруға, ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды жан-жақты қолдауға және олардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған кешенді шараларды жүзеге асыруда. Шымкентте салынып жатқан заманауи оңалту орталығы осы міндеттердің нақты іске асуының жарқын көрінісі саналады. Мұндай нысандар тек медициналық және әлеуметтік көмек көрсету мүмкіндігін кеңейтіп қана қоймай, азаматтардың қоғам өміріне белсенді араласуына жағдай жасайды. Нәтижесінде әлеуметтік әділеттілік қағидаттары нығайып, әрбір адамның әлеуетін жүзеге асыруға мүмкіндік беретін қамқор әрі инклюзивті қоғам қалыптасады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You