
«Түркістан – атажұртымыздың мызғымас темірқазығы. Екі дүние есігі, ер түріктің бесігі атанған шежірелі шаһар. Көне қала қашанда түбі бір түркі жұртының қасиетті қара шаңырағы саналған. Түркістан төріндегі Әзірет Сұлтан кесенесі – рухани тұтастық пен тарихи сабақтастық символы.
Қожа Ахмет Ясауи бауырлас елдердің дүниетанымын кеңейтуге зор үлес қосты. Адамзатқа ортақ құндылықтарды барынша дәріптеді. Халықты жақсылыққа, жасампаздыққа, адалдыққа шақырды.
Ғұлама ойшыл ислам дінін түркі жұртының таным-түсінігімен ұштастыра білді. Аса құнды еңбектер жазып, мол мұра қалдырды. Ясауидің тағылымды ойлары мен хикметтері – түркі халықтарының баға жетпес байлығы. Ұлы бабамыз дәріптеген құндылықтар әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Сондықтан біз Ясауидің гуманистік идеяларына баса мән беріп отырмыз.
Қазір елімізде «Адал азамат», «Әділетті Қазақстан», «Таза Қазақстан» және басқа да бірегей бастамалар табысты жүзеге асырылып жатыр. Басты мақсатымыз – ұлт сапасын барынша жетілдіріп, мемлекеттігімізді нығайта түсу. Түптеп келгенде, осы ауқымды жұмыстың негізі Ясауи ілімінен бастау алады», — деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Президент: «Бүгінгі жиында өздеріңізге тағы да атап өткім келеді: мен биыл Ұлыстың ұлы күнінде осы киелі Түркістан жерінде «Qoja Ahmet Yasaui» орденін тағайындау туралы шешім қабылдадым. Осыған орай тиісті Заң қабылданды, арнайы Жарлыққа қол қойдым.Бұл күллі түркі дүниесі үшін мән-мағынасы айрықша марапат деп айтуға болады.
Сол себепті кеше алғашқы мәртебелі награданы аса құрметті Президент Режеп Тайип Ердоғанға салтанатты түрде табыстадым. Осылайша, біз түркі руханиятының темірқазығы – Ясауи тұлғасын дәріптей отырып, халықтарымыздың арасындағы мызғымас бауырластық тамырын нығайта береміз деп сенемін», — деді.
Кеше Мемлекет басшысы Түркия Президентін Қожа Ахмет Ясауи атындағы мәртебелі орденмен марапаттау туралы шешім қабылдағанын, Режеп Тайип Ердоған – бұл орденнің тұңғыш иегері екенін атап өтті.
– Мұның символдық мәні өте зор. Бұл марапат – ұлы бабамыз салған рухани бауырластық пен тарихи әділдік жолының жарқын үлгісі. Қадірлі Президент мырза, Сіздің Қазақ еліндегі беделіңіз өте жоғары. Халқымыз Сізді сыйлайды, жақсы көреді, қолдайды. Қадірлі досым, осы жоғары марапатты Сіздің түркі әлеміндегі көшбасшылық рөліңізге берілген лайықты баға деп қабылдаңыз. Сондай-ақ еліміздің Сізге және түрік жұртына деген шынайы құрметі, зор ризашылығы деп біліңіз. Өзіңізге зор денсаулық, ал барша түрік халқына амандық пен бақ-береке тілеймін! Қазақ-түрік достығы мәңгі болсын! – деді Президент.
Режеп Тайип Ердоған Түркістанның пірі Қожа Ахмет Ясауи атындағы ерекше орденнің алғаш рет өзіне берілгеніне қуанышты екенін жеткізді
– Бұл орденді Түркия Республикасы және түрік ұлтына деген ілтипатыңыздың белгісі деп қабылдаймын. Осы орайда елдеріміз арасындағы бауырластықты бекемдеу бағытындағы көреген саясатыңыз үшін Сізге, құрметті бауырым, алғыс айтамын. Бауырластығымыз, достығымыз лайым мәңгі болсын! – деді Түркия Президенті.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Режеп Тайип Ердоғанды өз халқын алға бастап келе жатқан әлемдік деңгейдегі салиқалы басшы және саясаткер ретінде ерекше құрметтейтінін атап өтті.
– Өзіңіздің көреген бастамаңызбен қолға алынған тиімді реформалардың нәтижесінде Түркия тұрақты өсіп-өркендеу жолына түсті, зор табысқа жетті, ықпалды және қуатты держава атанды. Біз түрік ағайынға әрдайым тілекшіміз, бауырлас елдің әр жетістігіне қуанамыз. Президент Ердоған – жаһандық саясатта әділдік пен жауапкершілік қағидатын табанды түрде қорғап жүрген аса көрнекті қайраткер. Сіздің «Әлем бестен үлкен» атты тұжырымдамаңыз баршаға белгілі. Бұл халықаралық қатынастар жүйесіндегі теңсіздікке қарсы айтылған батыл үндеу екені сөзсіз. Сонымен қатар Режеп мырза түркі және ислам өркениетінің ынтымақтастығын нығайту ісінде айрықша рөл атқарып келеді. Өзіңізді түркі әлемі мойындаған беделді көшбасшы десек, артық болмайды. Сіз туыстас елдердің рухани және саяси тұтастығын бекемдеу жолында аянбай еңбек етіп жүрсіз. Қадірлі Режеп Тайип Ердоғанның тікелей қолдауының арқасында Түркі мемлекеттері ұйымы қысқа мерзім ішінде ықпалды құрылым ретінде қалыптасты. Сондай-ақ ТҮРКСОЙ, Түркі мемлекеттерінің Парламенттік ассамблеясы, Түркі академиясы, Түркі мәдениеті және мұрасы қоры, Түркі инвестициялық қоры секілді маңызды институттардың жұмысы жандана түсті. Біз мұны жоғары бағалаймыз, – деді Қазақстан Президенті.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
