Сайрам ауданы: Республикалық олимпиаданың күміс жүлдегерін мектеп ұжымы құрметпен қарсы алды

Сайрам ауданы білім бөліміне қарасты №45 «1 Май» жалпы білім беретін мектебі үлкен қуаныштың куәсі болды. Ауыл мектептерінің оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңінде биология пәнінен Мураджон Хайтметов күміс жүлдеге ие болып, аудан абыройын асқақтатты.

Олимпиада Астана қаласында өтті. Еліміздің әр өңірінен келген озат оқушылар бақ сынаған білім додасында ауыл мектебінің шәкірті ерекше білімін дәлелдеді. Күміс жүлде иегері Мураджонды теміржол бекетінен бастап, мектепке дейін салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өткізілді.

Гүл шоқтары, қуанышты эмоция, шынайы құрмет — бәрі де жас дарынның жеңісіне деген зор мақтаныштың белгісі. Салтанатты жиында мектеп директоры Файзулло Ибрагимов сөз алып, білім сапасын арттыруда ұжымдық еңбектің рөлі зор екенін атап өтті. Оқу ісі жөніндегі директордың орынбасары Азизжан Розакулов, пән мұғалімі Дилдора Акрамова, сынып жетекшісі Шохсанам Кулниязова шәкірт табысына қосқан еңбегі үшін алғысқа бөленді.

Іс-шараға «Мұрагер» қоғамының атынан ұрыс қимыл ардагері Хамроқул Нишанбаев, Ата-аналар комитетінің төрағасы Бахтияр Халиддинов, зейнеткер ардагер Шавкат Алимов, Манкент ауыл округі әкімінің орынбасарлары Қаһраман Расулметов мен Шавкат Сиддиков сынды азаматтар, ауыл ақсақалдары мен арнайы қонақтар да келіп, жас биологқа сәттілік тілеп, алғыс білдірді.

Сонымен бірге ауданның өзбек этно-мәдени орталығының төрағасы Шапулат Ташпулатұлы Байменовтің атынан Алғыс хат табысталды.

Жиналған жұртшылық Мураджонның бұл жеңісін ауыл жастарына берілген үлкен үміт пен сенім деп бағалады. Оқушының өзі алдағы уақытта да ғылым жолында талмай еңбектеніп, биік жетістіктерге жетуді мақсат етіп отыр.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You