![]()
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев Сауран ауданына жұмыс сапарымен келіп, білім беру инфрақұрылымы мен әлеуметтік маңызы бар бірқатар нысандардың жай-күйімен танысты. Жұмыс сапары барысында аудан әкімі Мақсат Таңғатаров ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен жүзеге асырылып жатқан жобалар жөнінде баяндады.
Іссапар аясында облыс әкімінің орынбасары Жаңа Иқан ауылындағы Ұлықбек атындағы жалпы орта мектепте болып, білім беру ұйымының материалдық-техникалық базасын көрді. Сондай-ақ №23 көпсалалы колледждің қызметімен танысып, мамандар даярлау бағытындағы жұмыстарға назар аударды.
Жұмыс сапары барысында Ескі Иқан ауылындағы Қ.А.Ясауи атындағы жалпы білім беретін мектептің күрделі жөндеу жұмыстары, Қазақстанның ХХХ жылдығы ауылындағы Молда Мұса атындағы мектептің жаңғырту барысы және Нұртас ауылындағы Аманкелді жалпы орта мектебінде жүргізілген реновация жұмыстары зерделенді. Нысандарда құрылыс сапасы, мердігер ұйымдардың жұмыс қарқыны және белгіленген мерзімнің сақталуы бойынша жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берілді.
Жұмыс сапары аудан әкімдігінде өткен мәжіліспен қорытындыланды. Кеңесте Сауран ауданының әлеуметтік-экономикалық даму барысы, білім беру саласындағы өзекті мәселелер, құрылыс нысандарының орындалуы және инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуы қаралды. Сондай-ақ мемлекеттік бағдарламалардың тиімді орындалуы мен тұрғындарға көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру бағытындағы міндеттер пысықталды.
Кездесу қорытындысында облыс әкімінің орынбасары ауданның даму қарқынын одан әрі арттыру мен құрылыс жұмыстарының сапасын тұрақты бақылауда ұстау, әлеуметтік нысандарды белгіленген мерзімде пайдалануға беру және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстарды жүйелі жалғастыру жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
