Сауран ауданында әлеуметтік қолдау, туристік нысандар және тазалық мәселелері талқыланды

Loading

Бүгін Сауран ауданы әкімі Мақсат Таңғатаров төрағалығымен кезекті аппараттық мәжіліс өтті. Жиында ауданның әлеуметтік-экономикалық және санитарлық жағдайына қатысты бірқатар өзекті мәселелер қаралып, жауапты сала басшыларының баяндамалары тыңдалды. 

Күн тәртібінде жол бойындағы туристік және кәсіпкерлік нысандардың гигиеналық тораптарының жай-күйін зерделеу, Отбасының цифрлық картасы ақпараттық жүйесіндегі D және E санатындағы отбасылардың санын азайту, сондай-ақ «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының аудан аумағында іске асырылу барысы қаралды.

Алғашқы мәселе бойынша кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Сұлтанғали Шакиров жол бойында орналасқан туристік және кәсіпкерлік нысандардағы гигиеналық тораптарға жүргізілген зерделеу жұмыстары туралы баяндады. Жиында аталған нысандарда санитарлық талаптардың сақталуы, тұрғындар мен жолаушыларға қолайлы жағдай жасау мәселелеріне назар аударылды. Аудан әкімі жауапты мамандарға анықталған кемшіліктер бойынша тиісті жұмыстар жүргізіп, кәсіпкерлік субъектілерімен түсіндіру шараларын күшейтуді тапсырды.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Дауырхан Асылбек Отбасының цифрлық картасы ақпараттық жүйесіндегі D және E санатындағы отбасылардың санын азайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Аудан басшысы әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасылармен жұмысты жүйелі ұйымдастырып, олардың табысын арттыруға, жұмыспен қамтуға және мемлекеттік қолдау шараларына тартуға басымдық беру қажеттігін атап өтті.

Сонымен қатар, «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының аудан аумағында іске асырылу барысы талқыланды. Бұл бағыттағы жұмыстар жөнінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ақселеу Сейденбек баяндама жасады.

Мәжілісте елді мекендердің санитарлық тазалығын сақтау, көшелер мен қоғамдық орындарды абаттандыру, қоқыс қалдықтарын ретке келтіру және тұрғындар арасында тазалық мәдениетін қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды тұрақты жалғастыру қажеттігі айтылды. Аудан әкімі ауылдық округ әкімдері мен жауапты бөлім басшыларына тазалық жұмыстарын күнделікті бақылауда ұстап, анықталған кемшіліктерді жедел жою жөнінде нақты міндеттер жүктеді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You