![]()
Сауран ауданының құрылғанына 5 жыл толуына орай Бабайқорған ауылдық округінің Мәдениет үйінде «Ұмай ана» қамқор аналар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Ақылман әже» атты аудандық байқау жоғары деңгейде өтті.
Байқаудың басты мақсаты – қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрін дәріптеу, отбасы құндылықтарын насихаттау, әжелердің ұрпақ тәрбиесіндегі ерекше рөлін айқындау және өмірлік тәжірибесі мол аналардың өнегелі жолын кейінгі буынға үлгі ету. Байқауға ауданның ауылдық округтерінен келген бес әже қатысып, өздерінің білімін, өмірлік тәжірибесін, өнері мен шеберлігін көпшілікке таныстырды. Қатысушылар төрт кезең бойынша бақ сынады.
«Кітап оқитын отбасы» кезеңінде кітап оқудың маңызы мен отбасы тәрбиесіндегі рухани құндылықтар дәріптелсе, «Дәстүріңді сақтай біл» бөлімінде қазақтың салт-дәстүрі мен ұлттық тәрбиесінің мәні кеңінен насихатталды. «Өнерліге өріс кең» кезеңінде қатысушылар ән айтып, қолөнер туындыларын ұсынып, шығармашылық қабілеттерін көрсетті. Ал «Ас адамның арқауы» бөлімінде ұлттық тағамдар дайындалып, қазақтың қонақжайлық мәдениеті мен дастарқан әдебі таныстырылды.
Байқауға қазылық еткен ҚР Композиторлар одағының мүшесі, әнші-композитор Құралай Сәтмұхамбетова, ҚР Журналистер одағының мүшесі Алима Пашанова және ұстаз, психолог, коуч Құралай Жарбол қатысушылардың өнерін, сахна мәдениетін, ұлттық құндылықтарды насихаттау деңгейін және шығармашылық шеберлігін әділ бағалады.
Байқау қорытындысы бойынша І орынды Шаға ауылдық округінің қатысушысы Пердекүл Құлжанова иеленді. ІІ орын Жаңа Иқан ауылдық округінен Райхан Алдабергеноваға және Бабайқорған ауылдық округінен Қатира Ақмардановаға бұйырды. ІІІ орынды Шорнақ ауылдық округінен Әсемкүл Маметаева мен Бабайқорған ауылдық округінен Раушан Нұрманова иеленді. Іс-шара соңында барлық қатысушыларға дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталып, ұйымдастырушылар тарапынан алғыс білдірілді.
«Ақылман әже» байқауы ұлттық құндылықтарды дәріптеп, әжелердің өнегелі өмір жолын, тағылымды тәрбиесін және қоғамдағы маңызды орнын кеңінен насихаттаған мазмұнды іс-шара болды. Мұндай игі бастамалар ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, салт-дәстүріміздің өміршеңдігін арттыруға, ұлттық тәрбиені кейінгі буынның бойына сіңіруге зор үлес қосады”, — дейді байқауды тамашалаған қауым.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық бірегейлікті нығайту – ел дамуының басты негіздерінің бірі екенін атап өтіп, дәстүр мен отбасы құндылықтарын сақтау мәселесіне ерекше мән беріп келеді. Мемлекет басшысы «Ұлттық мәдениетіміз бен салт-дәстүріміз – ұлтты ұйыстыратын рухани тірек» екенін айтып, өскелең ұрпақтың бойына ұлттық тәрбие мен адамгершілік құндылықтарды сіңіруде аға буынның рөлі айрықша екенін бірнеше рет атап өткен.
«Ақылман әже» байқауы – осы рухани сабақтастықты дәріптейтін тағылымды бастама. Әжелердің өмірлік тәжірибесі, өнегелі тәрбиесі мен ұлттық құндылықтарды ұлықтауы жастар үшін өмір мектебі саналады. Қазақ қоғамында әже – отбасының берекесі ғана емес, салт-дәстүрдің сақтаушысы, ұлт тәрбиесінің алтын көпірі.
Осындай мазмұнды іс-шаралар ұлттық болмысты нығайтып, ұрпақтар арасындағы байланысты бекемдей түседі. Өйткені тамырына берік ұлт қана болашағын нық қалыптастыра алады. Сондықтан дәстүрді дәріптеп, отбасы құндылықтарын ұлықтайтын мұндай бастамалар Президент айқындаған Әділетті Қазақстанның рухани негіздерін нығайтуға және елдің мәдени тұтастығын сақтауға қызмет етеді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
