![]()
Бүгін Түркістан қалалық мәслихатының «Әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, білім, ғылым, мәдениет, жастар ісі, туризм – спорт, тарихи мұраларды қорғау жөніндегі» тұрақты комиссиясының отырысы өтті. Жиынды тұрақты комиссия төрағасы Дәурен Тәңірбергенов ашып, жүргізді.
Отырысқа Түркістан қалалық мәслихатының төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев, қалалық мәслихат депутаттары, қала әкімінің орынбасары Мадияр Бақтыбайұлы, жауапты бөлім басшылары мен тиісті мекеме өкілдері қатысты.
Күн тәртібінде қаралған мәселелер:
- Түркістан қаласының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы;
- Түркістан қаласы әкімінің 2026 жылғы 23, 24 және 25 маусым күндері өткен халықпен кездесулерінде көтерілген мәселелердің орындалу барысы туралы.
Жауапты бөлімдер:
— Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі;
— Ішкі саясат бөлімі;
— Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі.
Комиссия отырысында күн тәртібіндегі мәселелер жан-жақты талқыланып, депутаттар өз ұсыныстары мен пікірлерін білдірді. Жауапты бөлім басшылары атқарылған жұмыстар туралы баяндап, депутаттар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Отырыс қорытындысы бойынша тиісті ұсыныстар беріліп, алдағы жұмыстардың басым бағыттары айқындалды.
Естеріңізде болса, 9 шілде күні Түркістан қалалық мәслихатының «Әкімшілік аумақтық орналастыру, құрылыс және коммуналдық қызмет көрсету салаларын, депутаттық өкілдік және этика, ұйымдық-құқықтық қызметті қамтамасыз ету жөніндегі» тұрақты комиссиясының отырысы өткен болатын. Ол уақытта жиынды комиссия төрағасы Аманжол Данаханұлы ашып, жүргізіп отырды.
Комиссия отырысына Түркістан қалалық мәслихатының төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев пен қала әкімінің орынбасары Бекбол Аманжол, қалалық мәслихат депутаттары және жауапты бөлім басшылары қатысты.
Күн тәртібінде қаралған мәселелер:
- Түркістан қалалық мәслихатының «Әкімшілік аумақтық орналастыру, құрылыс және коммуналдық қызмет көрсету салаларын, депутаттық өкілдік және этика, ұйымдық-құқықтық қызметті қамтамасыз ету жөніндегі» тұрақты комиссиясының 2026 жылғы 12 маусымдағы көшпелі отырысында айтылған ұсыныстардың орындалуы туралы;
- Түркістан қаласы әкімінің 2026 жылғы 23, 24 және 25 маусым күндері өткен халықпен кездесулерінде көтерілген мәселелердің орындалу барысы туралы.
Жауапты бөлімдер:
* Түркістан қаласы әкімдігінің коммуналдық шаруашылық бөлімі;
* Түркістан қаласы әкімдігінің құрылыс бөлімі;
* Түркістан қаласы әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі.
Комиссия отырысы барысында депутаттар күн тәртібіндегі мәселелер бойынша пікір алмасып, өзекті сұрақтарын қойды. Жауапты бөлім басшылары көтерілген мәселелерге қатысты жан-жақты жауап беріп, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар жөнінде ақпарат ұсынды.
Тұрақты комиссиялардың отырысында қаралған мәселелер – жергілікті өкілді биліктің тек бақылау функциясын ғана емес, қабылданған шешімдердің нақты орындалуына ықпал ететін маңызды тетікке айналып келе жатқанын көрсетеді. Әсіресе, әлеуметтік қолдау, коммуналдық инфрақұрылым, құрылыс, жол сапасы және халықпен кездесулерде көтерілген мәселелердің орындалуын депутаттық бақылауда ұстау – тұрғындардың мемлекетке деген сенімін нығайтудың негізгі алғышарттарының бірі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік басқарудың жаңа моделінде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты сөз жүзінде емес, нақты нәтиже арқылы көрінуі керектігін бірнеше рет атап өтті. Президенттің айтуынша, азаматтардың өтініштері мен ұсыныстары мемлекеттік органдар жұмысының басты бағалау өлшемдерінің біріне айналуы тиіс. Осы тұрғыдан алғанда, Түркістан қаласында халықпен кездесулерде көтерілген 180 мәселенің орындалу барысын депутаттардың арнайы талқылауы – кері байланыстың нақты жұмыс істеп жатқанын аңғартады.
Бүгінде елімізде жергілікті өкілді органдардың жауапкершілігі артып келеді. Президент бастамасымен жүргізілген саяси реформалар нәтижесінде мәслихаттардың құзыреті кеңейіп, депутаттардың жергілікті бюджеттің тиімді жұмсалуына, әлеуметтік бағдарламалардың орындалуына және инфрақұрылымдық жобалардың сапасына бақылау жасау мүмкіндігі күшейді. Бұл өңірлердегі шешім қабылдау процесінің ашықтығын арттырып, қоғамдық бақылаудың жаңа мәдениетін қалыптастыруға жол ашты.
Түркістан қаласында әлеуметтік көмек көрсету қағидаларын жетілдіру, халықтың өтініштерін сапалы орындау, коммуналдық және құрылыс салаларындағы жұмыстарды жүйелі бақылау, заңсыз жарнамаларды жою сияқты мәселелердің комиссияларда тұрақты қаралуы – қаланы басқарудың нәтижеге бағытталған моделін қалыптастырып келеді. Жыл басынан бері 422 заңсыз жарнама нысаны анықталып, оның 397-сі толықтай жойылуы да қала кеңістігін реттеу мен заң талаптарының орындалуына беріліп отырған ерекше мәннің көрінісі.
Алдағы кезеңде мұндай комиссиялық бақылау азаматтардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін мәселелердің уақытылы шешілуіне, бюджеттік қаржының тиімді игерілуіне және Түркістанның тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуына қосымша серпін беретіні анық. Халықтың сенімі мен мемлекеттік институттардың тиімділігі дәл осындай нақты нәтиже арқылы қалыптасады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
