Сауран ауданында жасөспірімдердің психологиялық әл-ауқатын нығайту мен өмірлік құндылықтарды дәріптейтін фильм көрсетілді

Loading

«Оңтүстікфильм» КММ-нің ұйымдастыруымен Шорнақ ауылдық округіндегі Т. Айтжанов атындағы жалпы білім беретін мектепте «Өмір сақшылары» көркем фильмінің көрсетілімі өтті.

Іс-шараға мектептің пән мұғалімдері мен сынып жетекшілері қатысып, фильмде көтерілген өзекті тақырыптар төңірегінде пікір алмасты. Фильмде жасөспірімдердің психологиялық жай-күйі, өмірде кездесетін түрлі қиындықтарды еңсеру жолдары, дер кезінде қолдау көрсетудің маңыздылығы, өмірдің қадір-қасиеті мен адам өмірінің баға жетпес құндылығы жан-жақты көрініс тапты. Сондай-ақ қиын жағдайда жүрген жасөспірімдерге жанашырлық таныту, олардың ішкі жан дүниесін түсіну және сенімді қарым-қатынас орнатудың маңыздылығы кеңінен насихатталды.

Мұндай тағылымды көрсетілімдер жасөспірімдердің психологиялық саулығын нығайтуға, өмірлік құндылықтарды дәріптеуге, олардың бойында жауапкершілік, адамгершілік және мейірімділік қасиеттерін қалыптастыруға, сондай-ақ қауіпсіз әрі қолайлы білім беру ортасын нығайтуға ықпал етеді.

“Осындай тәрбиелік маңызы зор іс-шаралар арқылы өскелең ұрпақтың өмірге деген оң көзқарасын қалыптастыруға, олардың жан дүниесіне қолдау көрсетіп, рухани дамуына жағдай жасауға ерекше мән беріледі. Өмір – әр адамға берілген ең қымбат аманат. Оны бағалау, қорғау және қадірлеу – баршамыздың ортақ міндетіміз”, — дейді ұйымдастырушылар.

Орайы келгенде қоса кетер тағы бір мәселе, бүгін Сауран ауданында жастар арасында нашақорлықтың алдын алу, салауатты өмір салтын насихаттау және зиянды әдеттердің кері әсері туралы түсінік қалыптастыру мақсатында «Нашақорлыққа жол жоқ!» атты семинар-тренинг ұйымдастырылды. Іс-шара барысында жастармен ашық пікір алмасу жүргізіліп, есірткінің адам өмірі мен денсаулығына, қоғамға тигізетін зияны жан-жақты түсіндірілді.

Семинар-тренинг аясында қатысушыларға түрлі ситуациялық сұрақтар ұсынылып, олар өз ойларын ортаға салып, өмірде кездесуі мүмкін жағдайларға қатысты дұрыс шешім қабылдау жолдарын талқылады. Кездесу барысында жастар белсенділік танытып, өз пікірлерін еркін білдіріп, қойылған сұрақтарға нақты жауап берді.

“Осындай тәрбиелік маңызы зор іс-шаралар жастардың құқықтық сауаттылығын арттырып, салауатты өмір салтын ұстануға және зиянды әдеттерден аулақ болуға үндейді”, — дейді сала мамандары.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жастардың денсаулығы мен психологиялық саулығын сақтау – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі екенін үнемі айтып келеді. Мемлекет басшысы өскелең ұрпаққа қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыру, олардың рухани дамуына жағдай жасау және зиянды әдеттердің алдын алу жұмыстарын күшейтудің маңызын бірнеше рет атап өткен. Бұл бағытта тек құқық қорғау шараларына емес, тәрбиелік, психологиялық және ағартушылық жұмыстарға басымдық беру қажет екенін де ерекше назарға алған.

Сауран ауданында ұйымдастырылған «Өмір сақшылары» фильмінің көрсетілімі мен «Нашақорлыққа жол жоқ!» семинар-тренингі осы міндеттердің өңірде жүйелі жүзеге асып жатқанын көрсетеді. Мұндай кездесулер жастардың өмірге деген көзқарасын нығайтып қана қоймай, қиын жағдайларда дұрыс шешім қабылдауға, психологиялық қолдаудың маңызын түсінуге және салауатты өмір салтын таңдауға ықпал етеді.

Бүгінде жастар тәрбиесі – отбасы, мектеп және қоғамның ортақ жауапкершілігі. Сондықтан өмірлік құндылықтарды дәріптеп, психологиялық мәдениетті қалыптастыруға және зиянды әдеттердің алдын алуға бағытталған осындай бастамалар саналы, жауапты әрі рухы мықты ұрпақ тәрбиелеуге қызмет етеді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You