![]()
Қазіргі таңда республикалық маңызы бар «Цитадель» қамалының шығыс қақпасы мен шығыс мұнарасы аралығындағы зақымданған бөліктерді қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Уақыт өте келе пайда болған жарықтар мен сылақ қабатының бүлінуіне байланысты ғылыми-реставрациялық жұмыстар қолға алынған.
Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Ерлан Дәкеновпен бірге Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен «Цитадель» қамалындағы реставрациялық жұмыстардың барысын зерделеді. Аталған жұмыстарды «Қазқайтажаңарту» республикалық мемлекеттік кәсіпорны жүзеге асыруда. Нысанда қауіпсіздік шаралары толық қамтамасыз етіліп, жобаны биыл қараша айында аяқтау жоспарланып отыр.
Аралау барысында қала басшысы сала мамандарымен тарихи нысандарды қалпына келтіру жұмыстарының барысы, қолданылып жатқан әдістер мен технологиялар, сондай-ақ ескерткіштердің түпнұсқалық келбетін сақтау мәселелерін талқылады. Қала әкімі реставрация кезінде тарихи нысандардың сәулеттік ерекшеліктеріне аса жауапкершілікпен қарап, әрбір жұмыстың ғылыми талаптарға сай орындалуын тапсырды.
Түркістанның ғасырлар бойы қалыптасқан тарихи келбетін қорғау, құнды ескерткіштерді қалпына келтіру және оларды келер ұрпаққа жеткізу бағытындағы жұмыстар тұрақты бақылауда болмақ.
“Түркістанның әрбір тарихи нысаны – халқымыздың рухани жады мен ұлттық мұрасының ажырамас бөлігі. Бүгінде олардың түпнұсқалық келбетін сақтап, сапалы қалпына келтіру жұмыстарын тұрақты бақылауда ұстап келеміз”, — дейді шаһар басшысы.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне кіру билеттерінің жаңа бағалары бекітілді
Орайы келгенде айта өтейік, 2026 жылғы 25 мамырдағы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің №242-нқ бұйрығымен бекітілген бағалар тізбесіне сәйкес, 2026 жылғы 10 маусымнан бастап Қожа Ахмет Ясауи кесенесі аймағына, Ясауи музейі мен Сирек жәдігерлер залына кіру билеттерінің құны өзгертілді.
Атап айтқанда:
— алыс шетел азаматтары үшін – 5000 теңге;
— жақын шетел (ТМД) азаматтары үшін – 2000 теңге.
Қазақстан Республикасы азаматтары үшін билет құны бұрынғы деңгейде сақталады:
— ересектер үшін – 1000 теңге;
— студенттер мен зейнеткерлер үшін – 500 теңге;
— мектеп оқушылары үшін – 300 теңге.
Сонымен қатар, қазіргі демалыс кезеңінде мектеп оқушыларына кіру тегін жүзеге асырылады.
Иә, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық тарихи-мәдени мұраны сақтау мәселесін мемлекеттің рухани қауіпсіздігі мен ұлттық бірегейлігін нығайтатын стратегиялық міндеттердің бірі ретінде айқындап келеді. Ұлттық құрылтай отырыстарында Мемлекет басшысы Түркістанның қазақ халқы үшін ғана емес, күллі түркі әлемі үшін айрықша тарихи және рухани мәні бар орталық екенін атап өтіп, қасиетті шаһардағы мәдени ескерткіштердің түпнұсқалық келбетін сақтай отырып жаңғыртуға ерекше назар аудару қажеттігін бірнеше рет айтты. Оның пікірінше, тарихи мұраны қорғау – өткенді сақтау ғана емес, болашақ ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыратын маңызды инвестиция.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – Қазақстандағы ең құнды тарихи-мәдени ескерткіштердің бірі. 2003 жылы ол ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени мұралар тізіміне енгізіліп, халықаралық деңгейде қорғалатын нысан мәртебесіне ие болды. Осыған байланысты кесене мен оған іргелес тарихи кешендердегі кез келген қалпына келтіру жұмыстары халықаралық реставрация қағидаттарына, ғылыми зерттеулерге және ескерткіштің түпнұсқалығын сақтау талаптарына толық сәйкес жүргізілуі тиіс. Бұл – Қазақстанның халықаралық міндеттемелерінің де маңызды бөлігі.
Соңғы жылдары Түркістанда тарихи мұраны сақтау мен туризмді дамыту қатар жүзеге асырылып келеді. Қалаға келетін туристер санының тұрақты өсуі тарихи нысандарға түсетін жүктемені де арттырды. Осыған байланысты ескерткіштердің техникалық жай-күйін тұрақты бақылау, уақыт өте пайда болатын табиғи бүлінулерді дер кезінде қалпына келтіру және ғылыми негізделген реставрациялық жұмыстарды жүргізу бұрынғыдан да өзекті мәселеге айналып отыр. Сарапшылардың пікірінше, тарихи ескерткіштерді сақтау – бір реттік жоба емес, үздіксіз мониторинг пен кәсіби күтімді талап ететін ұзақмерзімді процесс.
«Цитадель» қамалындағы және Қожа Ахмет Ясауи кесенесі аумағындағы реставрациялық жұмыстардың ғылыми негізде жүргізілуі – тарихи мұраны сақтаудағы заманауи тәсілдің көрінісі. Мұндай жұмыстар сәулеттік келбетті қалпына келтірумен ғана шектелмейді. Олар ескерткіштердің ұзақ мерзім бойы сақталуын қамтамасыз етіп, мәдени туризмнің тұрақты дамуына және халықаралық деңгейдегі тарихи мұра объектілерінің беделін нығайтуға ықпал етеді.
Ал кесене аумағына кіру билеттерінің жаңа тәртібінің енгізілуі де халықаралық тәжірибеге сай қадамдардың бірі. Әлемнің көптеген елдерінде шетелдік туристер үшін сараланған билет жүйесі мәдени мұра нысандарын күтіп-ұстауға, ғылыми зерттеулер мен реставрация жұмыстарын қаржыландыруға бағытталады. Бұл ретте Қазақстан азаматтары үшін бұрынғы тарифтердің сақталуы және мектеп оқушыларына демалыс кезінде тегін кіру мүмкіндігінің берілуі тарихи мұраның халыққа қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған әлеуметтік саясаттың жалғасып жатқанын көрсетеді.
Бүгінде Түркістан тек тарихи қала ғана емес, халықаралық деңгейдегі рухани және туристік орталық ретінде қарқынды дамып келеді. Сондықтан тарихи ескерткіштердің сақталуы өңірдің мәдени беделімен қатар, экономикалық және туристік әлеуетіне де тікелей ықпал етеді. Қасиетті шаһардың басты құндылығы – оның мыңжылдық тарихы мен төл келбеті. Сол себепті әрбір реставрациялық жұмыс ғылыми дәлдікке, кәсіби жауапкершілікке және халықаралық стандарттарға сүйенуі тиіс.
Осы тұрғыдан алғанда, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен «Цитадель» қамалындағы қалпына келтіру жұмыстары – кезекті жөндеу науқаны емес. Бұл – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлттық мұраны сақтау, тарихи сананы нығайту және Түркістанды түркі өркениетінің рухани астанасы ретінде дамыту жөніндегі стратегиялық бағытының нақты жүзеге асуы. Өйткені тарихи ескерткіштерді көздің қарашығындай сақтау – өткенге тағзым ғана емес, келешек ұрпаққа аманат болатын ұлттық құндылықтарды қорғаудың ең маңызды кепілі.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
