![]()
Сауран ауданында аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен кезекті аппараттық мәжіліс өтіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, экологиялық жұмыстар және алдағы саяси науқанға дайындық барысы талқыланды.
Мәжілістің күн тәртібіндегі алғашқы мәселе «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының аудан аумағында жүзеге асырылуына арналды. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысының міндетін уақытша атқарушы Сейденбек Ақселеу атқарылған жұмыстар мен алдағы кезеңге жоспарланған іс-шаралар туралы баяндады. Елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту, қоғамдық орындарды күтіп ұстау және абаттандыру бағытындағы жұмыстарды жүйелі жалғастыру қажеттігі атап өтілді.
Бұдан кейін 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығындағы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары қаралды. Экономика және қаржы бөлімінің басшысы Ильяс Мырзахметов негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің орындалуы, белгіленген индикаторлардың жүзеге асырылуы және жыл соңына дейінгі басым міндеттер жөнінде баяндама жасады. Ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін жақсарту, белгіленген жоспарларды толық орындау және экономикалық белсенділікті арттыру мәселелеріне басымдық берілді. Әсіресе, алдағы кезеңде жоспарлы көрсеткіштерді қамтамасыз ету және ауданның даму қарқынын сақтау қажеттігі айтылды.
Аппараттық мәжілісте алдағы саяси науқанға дайындық мәселесі де назардан тыс қалмады. 2026 жылғы 23 тамызда өтетін Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауына дайындық барысы туралы аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Мейрхан Казиханов пен аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Марат Қалеке хабарлама жасады. Баяндамашылар сайлау үдерісін ұйымдастыруға бағытталған дайындық жұмыстары, заң талаптарының сақталуы және жауапты мемлекеттік органдардың міндеттері туралы ақпарат берді. Сайлауды белгіленген талаптарға сәйкес өткізу, учаскелердің дайындығын қамтамасыз ету және халыққа түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізудің маңызы атап өтілді.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Мақсат Таңғатаров күн тәртібінде қаралған мәселелердің әрқайсысы бойынша жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берді. Ол экологиялық акция аясындағы жұмыстарды жандандырумен қатар, әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін қамтамасыз ету және сайлау науқанына дайындықты сапалы ұйымдастыру қажеттігін атап өтті. Берілген тапсырмалардың белгіленген мерзімде әрі сапалы орындалуын қамтамасыз ету жауапты басшыларға міндеттелді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
