Сауран ауданында колледж түлектеріне салтанатты түрде диплом тапсыру рәсімі өтті

Loading

Бүгін Сауран ауданының Ескі Иқан ауылындағы Кәсіптік оқудағы көпсалалы колледжінде «Жас маман – ел болашағы» тақырыбында колледж түлектеріне диплом тапсыру салтанаты өтті.

Іс-шараға Сауран ауданы әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаев пен колледж директоры Гүлжан Шаймерденова, оқу орнының профессорлық-оқытушылық құрамы, ата-аналар және бітіруші түлектер қатысты.

Салтанатты жиында сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Кеңесбекұлы жас түлектерді маңызды белеспен құттықтап, олардың алған білімдерін ел игілігіне жұмсап, өз ісінің білікті маманы ретінде қоғамның дамуына үлес қосатынына сенім білдірді. Сондай-ақ жастарға адал еңбек етіп, кәсіби шеберліктерін шыңдап, қай салада жүрсе де жауапкершілік пен еңбекқорлықты басты ұстаным ету керектігін атап өтті.

Өз кезегінде колледж директоры Гүлжан Шаймерденова түлектерге ақ жол тілеп, оқу орнында алған білім мен тәжірибенің өмірлік жолдарында берік негіз болатынын айтып, еңбек нарығында сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті маман болуға шақырды.

Салтанатты рәсім барысында бітіруші түлектерге дипломдары табысталып, оқу мен қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытып, үздік жетістіктерге қол жеткізген студенттерге алғыс хаттар мен марапаттар тапсырылды.

Мерекелік шара концерттік бағдарламамен жалғасып, жас түлектер мен олардың ата-аналарына, ұстаздарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Бұл күн – түлектер үшін жаңа өмірге бастар маңызды қадам ғана емес, білім мен еңбектің жемісі айқын көрінген ерекше сәт ретінде есте қалды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдің тұрақты дамуы білікті мамандар мен еңбекқор жастарға тікелей байланысты екенін үнемі айтып келеді. Мемлекет басшысы «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатын басты құндылық ретінде айқындап, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамытуға ерекше мән беруде. Бұл бағытта жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға, жастарды еңбек нарығына бейімдеуге және өндіріс пен білім беру арасындағы байланысты нығайтуға басымдық беріліп отыр.

Сауран ауданындағы колледж түлектеріне диплом табыстау – жас мамандардың үлкен өмірге қадам басқан маңызды сәті ғана емес, өңірдің кадрлық әлеуетін толықтыратын айтулы оқиға. Бүгін білім алған түлектер ертең ауыл шаруашылығы, өндіріс, құрылыс және қызмет көрсету салаларында ел экономикасының дамуына өз үлесін қосады.

Қазіргі кезеңде еңбек нарығында кәсіби біліктілігі жоғары, жауапкершілігі мол мамандарға сұраныс артып келеді. Сондықтан дипломның құны оны адал еңбекпен, үздіксіз ізденіспен және кәсіби шеберлікпен дәлелдей білгенде ғана артады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, еліміздің басты капиталы – білімді әрі еңбекқор азаматтар. Демек, бүгінгі жас мамандардың жетістігі – ертеңгі Қазақстанның табысты дамуының кепілі.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You