![]()
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен аппараттық кеңес өтіп, онда алдағы 2026–2027 жылдардағы жылу беру маусымына дайындық, жаңа оқу жылына білім беру ұйымдарының әзірлігі және студенттерді жатақханамен қамту мәселелері кеңінен талқыланды. Қала тіршілігі үшін маңызды бағыттар бойынша атқарылған жұмыстар сараланып, жауапты басқармаларға нақты міндеттер жүктелді.
Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Рзабек Меңдіқұловтың айтуынша, жылу беру маусымына дайындық бекітілген жоспарға сәйкес жүргізілуде. Магистральдық және орамішілік жылу желілерінің сынақтары аяқталып, анықталған ақауларды жою жұмыстары қолға алынған. Қазір қазандықтар мен сорғы станцияларын, көпқабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды алдағы қысқа әзірлеу жалғасуда. Сонымен қатар қаладағы 18,5 шақырым жылу желісіне күрделі жөндеу жүргізіліп, тозығы жеткен учаскелер жаңартылуда. Жұмыстардың сапасы мен мерзімі тұрақты бақылауда.
Кеңесте жаңа оқу жылына дайындық барысына да ерекше назар аударылды. Білім басқармасының басшысы Қуаныш Ысқақовтың мәліметінше, 2026–2027 оқу жылында Шымкентте 1 382 білім беру ұйымы жұмыс істеп, оларда 405 мыңнан астам бала білім алады. Қазіргі уақытта мектептер мен балабақшалардағы ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Сонымен бірге білім нысандарын жылу маусымына дайындау, қосымша оқу корпустарын салу және жекелеген инфрақұрылым нысандарын жаңарту жұмыстары жүргізілуде.
Оқушылардың қауіпсіздігі де басты назарда. Жаңа оқу жылы басталғанға дейін мектептерге жақын аумақтардағы жол инфрақұрылымы ретке келтіріліп, жол белгілері, жаяу жүргіншілер өткелдері, жасанды жол кедергілері мен сыртқы жарықтандыру элементтері жаңартылады. Бұл шаралар балалардың мектепке қауіпсіз қатынап, қайтуына жағдай жасауға бағытталған.
Студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселесінде де оң көрсеткіш қалыптасқан. Жастар саясаты басқармасының басшысы Әкімжан Әбдәкімовтің айтуынша, қаладағы жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған 32 жатақханада жалпы 10 782 орын бар. Өткен оқу жылында мұнда 6 202 студент орналасса, 4 580 орын бос болған. Биыл жатақхана қоры тағы 978 орынға ұлғайып, нысандар 10 тамыздан бастап студенттерді қабылдауға дайын тұр. Ал орналастыру жұмыстары 25 тамыздан басталады.
Колледж студенттерінің де жатақханаға деген қажеттілігі толық ескерілген. Қалада жалпы сыйымдылығы 4 050 орын болатын 29 жатақхана жұмыс істейді. Өткен оқу жылында оның 2 197 орнында студенттер тұрған. Бұған қоса Жоғары медициналық колледжінде 204 орындық жаңа жатақхана дайындалды. Осылайша, жаңа оқу жылында студенттерді орналастыруға жеткілікті мүмкіндік бар.
Аппараттық кеңес қорытындысында қала әкімі жауапты басқармаларға жылу беру маусымы мен жаңа оқу жылына дайындықты белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтауды тапсырды. Әсіресе, әлеуметтік нысандардың әзірлігіне, оқушылардың қауіпсіздігіне және студенттерді жатақханамен қамтуға басымдық беруді міндеттеді. Бұл жұмыстардың сапалы орындалуы қала тұрғындары үшін қолайлы жағдай қалыптастырып, жаңа оқу жылын ұйымшылдықпен бастауға мүмкіндік береді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
