![]()
Шымкент қаласында құрылыс нормаларын бұзып, заңсыз салынған нысандарға қатысты мониторинг және бақылау жұмыстары күшейтілді. Нәтижесінде жыл басынан бері қала аумағында 106 заңсыз құрылыс нысаны анықталып, оның 56-сына қатысты тиісті шаралар қолданылды.
Анықталған нысандардың басым бөлігі Абай ауданында тіркелген. Атап айтқанда, Абай ауданында – 39, Әл-Фараби ауданында – 19, Еңбекші ауданында – 17, Қаратау ауданында – 21, Тұран ауданында 10 нысан анықталған.
Бұдан бөлек құрылыс нысандарын бақылау және қадағалау бағытында 72 құрылыс объектісіне тексеру жүргізіліп, жалпы көлемі 61,6 миллион теңге айыппұл салынды.
Оның ішінде:
- заңсыз құрылыстар бойынша 59 нысанға – 42,4 миллион теңге,
- құрылыс сапасына қатысты 8 нысанға – 8,6 миллион теңге,
- үлестік құрылыс талаптарын бұзған 5 нысанға 10,6 миллион теңге айыппұл салынған.
Сонымен қатар лицензиялық бақылау аясында 442 құрылыс мекемесіне 86,1 миллион теңге көлемінде айыппұл салынып, лицензиялары 6 ай мерзімге тоқтатылды. Жалпы жүргізілген бақылау жұмыстарының нәтижесінде жергілікті бюджетке 147,6 миллион теңге көлемінде түсім өндірілген.
Мамандардың айтуынша, заңсыз құрылыс мәселесі бүгінде еліміздің ірі қалалары үшін өзекті бағыттардың біріне айналып отыр. Халық санының артуы мен урбанизация үдерісінің күшеюі құрылыс саласына түсетін жүктемені көбейтіп, бақылау мен қадағалау жұмыстарын жүйелі жүргізуді талап етеді. Осыған байланысты мемлекет тарапынан құрылыс нормаларын сақтау, үлестік құрылысқа бақылауды күшейту және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударылуда.
Соңғы жылдары республика бойынша заңсыз құрылысқа қатысты бақылау шаралары күшейтіліп, құрылыс талаптарын бұзған нысандарға әкімшілік жауапкершілік қарастыру тәжірибесі кеңінен қолданылып келеді. Сарапшылардың пікірінше, рұқсатсыз немесе сапасыз салынған нысандар инженерлік инфрақұрылымға салмақ түсіріп қана қоймай, тұрғындардың қауіпсіздігіне де тікелей қауіп төндіреді. Әсіресе, сейсмикалық аймақтарда құрылыс талаптарының сақталуы аса маңызды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та қала құрылысы мәдениетін қалыптастыру және заңсыз құрылысқа жол бермеу мәселесіне бірнеше рет назар аударған болатын. Мемлекет басшысы құрылыс саласында ашықтық пен жауапкершілікті күшейту, сапасыз және бейберекет құрылысқа тосқауыл қою қажеттігін атап өткен еді. Бұл бағытта цифрлық бақылау жүйелерін енгізу мен мемлекеттік қадағалауды жетілдіру маңызды рөл атқарады.
Мамандардың айтуынша, заңсыз құрылысқа қарсы жүргізіліп жатқан мұндай кешенді шаралар қаладағы сәулеттік тәртіпті сақтауға, инфрақұрылым сапасын арттыруға және тұрғындар үшін қауіпсіз орта қалыптастыруға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта да құрылыс саласындағы бақылау жұмыстары жалғасып, заң талаптарын сақтамаған нысандарға қатысты тиісті шаралар тұрақты түрде қабылданатын болады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
