Шымкент қаласының әкімі қатысқан дәстүрлі тамыз конференциясында білім саласының жаңа міндеттері айқындалды

Loading

Шымкентте «Жаңа халықтық Конституцияның нормалары мен құндылықтары: адами капиталды дамыту – білім беру жүйесінің стратегиялық негізі» тақырыбында дәстүрлі қалалық тамыз педагогтер конференциясы өтті. Жиынға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, білім беру ұйымдарының басшылары, педагогтер, жоғары және техникалық кәсіптік білім беру саласының өкілдері, ата-аналар мен ардагер ұстаздарды қоса алғанда, 2 мыңға жуық адам қатысты.

Конференцияда Мемлекет басшысының республикалық тамыз конференциясында айқындаған басымдықтары негізге алынды. Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Халық Конституциясында білім, ғылым және инновацияны дамытуға, адами капиталды нығайтуға ерекше мән берілгенін атап өткен болатын. Осы бағыттағы міндеттерді іске асыруда мұғалімнің кәсіби әлеуеті мен білім сапасының маңызы зор.

Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков өскелең ұрпаққа сапалы білім беру елдің тұрақты дамуының стратегиялық негізі екенін атап өтті. Оның айтуынша, білім беру жүйесінде педагог кадрларының тапшылығын азайту, мұғалімдердің артық жүктемесі мен қағазбастылығын төмендету, білім сапасын арттыру және жасанды интеллектіні оқу үдерісіне тиімді енгізу өзекті міндеттердің қатарында.

Қалада білім саласына бюджет қаражатының шамамен үштен бірі бағытталады. Соңғы екі жылда 13 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Биыл 6 мектеп пен 1 балабақшада күрделі жөндеу жүргізіліп, 7 мектепке қосымша ғимарат салынуда.

Жаңа оқу жылында Шымкенттегі 1 386 білім беру ұйымында 405 мыңнан астам бала білім алады. Биыл 29 мыңнан астам бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды. Мектеп оқушылары халықаралық және республикалық білім додаларында 16 алтын, 44 күміс және 63 қола медаль жеңіп алған. Сонымен қатар 80-нен астам түлек әлемнің жетекші жоғары оқу орындарынан шақырту алып, халықаралық білім гранттарына ие болды.

Педагогтердің кәсіби жетістіктері де айтарлықтай. Қала бойынша 25 мұғалім «Үздік педагог» атағын иеленсе, «Білім беру шебері» байқауына 13 мыңнан астам ұстаз қатысып, оның қорытындысында 10 педагог жеңімпаз атанды.

Жиын барысында 2025–2026 оқу жылының қорытындысы шығарылып, жаңа оқу жылына арналған негізгі міндеттер белгіленді. Білім сапасын арттырумен қатар, цифрлық трансформация, жасанды интеллект технологияларын пайдалану, инклюзивті білім беруді дамыту және педагогтердің кәсіби біліктілігін жетілдіру мәселелері талқыланды.

Тәрбие жұмысына да басымдық берілді. Мектеп пен отбасы арасындағы байланысты күшейту, жас ұрпақ бойында «Адал азамат» құндылықтарын қалыптастыру, жауапкершілік пен отансүйгіштік қасиеттерді дамыту мәселелері ортаға салынды. Конференция соңында бірқатар педагогке Мемлекет басшысының атынан мемлекеттік наградалар табысталып, «Білім беру шебері» байқауының жеңімпаздары марапатталды. Сонымен бірге «Орта білім беретін үздік ұйым» гранты мен қала әкімдігі гранттарының сертификаттары табыс етілді.

Тамыз конференциясының жұмысы секциялық алаңдарда жалғасып, педагогтер жаңа оқу жылындағы нақты міндеттер мен білім беру үдерісін жетілдірудің тиімді тетіктерін талқылады. Жиында айтылған ұсыныстар алдағы оқу жылындағы жұмыстарды жүйелеуге негіз болмақ.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You