Шымкент қаласының әкімі қоғамдық көлік паркін жаңарту жұмысымен танысты

Loading

Шымкентте қоғамдық көлік паркін жаңарту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Қолданыстағы бағыттар мен тасымалдаушылармен жасалған келісімшарттарға сәйкес, жыл соңына дейін қалаға 192 жаңа автобус жеткізу жоспарланған.

Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков тасымалдаушы компанияларға жеткізілген автобустарды аралап көріп, олардың техникалық сипаттамаларымен және жолаушылар тасымалына шығуға дайындығымен танысты.

Жоспарланған 192 автобустың 64-і «Радуга-транспорт» ЖШС-не тиесілі. Компания “Yutong” маркалы автобустарды сатып алуда. Қазіргі таңда оның 21-і қалаға жеткізілген. Қазан айының соңына дейін олар №126, 104 және 60 бағыттарда қатынай бастайды. Ал жыл соңына дейін тағы 25 автобус әкелініп, №6, 51 және 67 бағыттарға бөлінеді.

«Түркістан көлік компаниясы» ЖШС үшін 128 автобус қарастырылған. Бұл тасымалдаушы да “Yutong” маркалы автобустарды кезең-кезеңімен қабылдап жатыр. Бүгінде қалаға оның 29-ы жеткізілген. Қазан айының соңына дейін жаңа көліктер №12, 35, 92, 103 және 135 бағыттарға шығарылады. Қалған 60 автобус жыл соңына дейін жеткізіліп, тиісті бағыттарға бөлінбек.

Осылайша, екі компанияға барлығы 50 жаңа автобус жеткізілді. Көлік құралдарын сатып алу «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы «Qaz Tehna» ЖШС-нен лизингтік қаржыландыру негізінде жүзеге асырылуда.

Қоғамдық көлік паркін жаңарту – жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттырудың маңызды бағыттарының бірі. Жаңа автобустардың пайдалануға берілуі тозығы жеткен көліктерді кезең-кезеңімен алмастыруға, бағыттардағы қозғалыс жайлылығы мен қауіпсіздігін жақсартуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде Шымкент тұрғындары мен қала қонақтары үшін қоғамдық көлік қызметінің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға ықпал етеді.

“ANYQ.KZ”-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You