Шымкент қаласының әкімі әлеуметтік, өндірістік және қоғамдық нысандардың жұмысымен танысты

Loading

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қаланы аралау барысында әлеуметтік, өндірістік және қоғамдық нысандардың жұмысымен танысып, бірқатар жобаның жүзеге асу барысын тексерді.

Ең алдымен шаһар басшысы Бозарық шағынауданында 30 отбасыға жаңа пәтердің кілтін табыстады. Баспаналар сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасы аясында ұсынылды. Қоныс иелері қатарында мүгедектігі бар азаматтар, ерекше қажеттілігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасылар, көпбалалы және толық емес отбасылар, сондай-ақ жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар бар. Жаңа үйлер қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген.

Қала әкімі ауыз су және алкогольсіз сусын өндіретін «F&B Int.» ЖШС кәсіпорнының өндірістік әлеуетін де зерделеді. Мұнда 86 жаңа жұмыс орны ашылған. Кәсіпорынның өндіріс көлемін арттырып, жобаны одан әрі дамыту мәселелері қаралды. Осыған байланысты жауапты басқармаға мемлекеттік қолдау тетіктерін қамтамасыз ету тапсырылды.

Мұнан өзге аралау кезінде әкім тарапынан Алтын Орда шағынауданындағы «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында абаттандырылған гүлзар мен балалар ойын алаңының жай-күйі тексерілді. Мұнда көше жарықтары, орындықтар мен перголалар орнатылып, 200-ден астам жасыл желек отырғызылған. Заманауи ойын алаңы тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік беріп отыр.

Тұран ауданындағы Ә. Қастеев көшесінде жүргізілген жол жөндеу жұмыстарының нәтижесі қаралып, Ақтас тұрғын алабындағы жаңа балалар ойын алаңы да назарға алынды. Аумағы 800 шаршы метр нысан ойын кешендерімен, жаттығу құрылғыларымен, воркаут алаңымен және шағын сәулет нысандарымен жабдықталған.

Сонымен бірге Желтоқсан көшесінде демеушілер қаржысына салынып жатқан қоғамдық кеңістіктің құрылысы тексерілді. Мұнда көгалдандыру жүргізіліп, автоматты суару жүйесі орнатылған, көше жарықтары мен орындықтар қойылған. Қазір субұрқақ құрылысы жалғасуда. Жоба толық аяқталған соң нысан тұрғындардың жайлы демалысына арналған заманауи қоғамдық кеңістікке айналады.

Жалпы, қаладағы аралау барысында тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, кәсіпкерлікті қолдауға және шағынаудандардағы жайлы ортаны қалыптастыруға бағытталған жобалардың орындалуына басымдық берілді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You