![]()
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков кезекті аралау барысында тұрғындарды баспанамен қамту, медициналық қызмет сапасын арттыру және қаланың көлік инфрақұрылымын дамыту бағытындағы бірқатар жобаның жүзеге асырылу барысымен танысты.
Аралау барысында Ақжайық шағынауданында жаңа пәтерлі болған 31 отбасыға баспана кілттері табысталды. Жаңа тұрғын үйлер «Отбасы банк» АҚ-тың «2-10-20» және «5-10-20» жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалары аясында берілді. Қоныс иелерінің қатарында мүгедектігі бар азаматтар, көпбалалы отбасылар, ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған жанұялар және бюджет саласының қызметкерлері бар.
Жаңа баспананың табысталуы – әлеуметтік қолдауға мұқтаж азаматтардың тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталған жұмыстардың нақты нәтижесі. Қалада қолжетімді тұрғын үй бағдарламаларын тиімді пайдалану арқылы азаматтарды баспанамен қамту шаралары кезең-кезеңімен жалғасып келеді.
Бұдан кейін қала әкімі Ынтымақ-2 шағынауданындағы «№14 Емдеу орталығы» ЖШС бөлімшесінің жұмысымен танысты. Мұнда бастапқы медициналық-санитариялық көмектің көрсетілу барысы, тұрғындарға қызмет көрсету сапасы және медициналық ұйымның даму мүмкіндіктері қаралды.
Мекеме басшылығымен медициналық қызмет сапасын одан әрі арттыру мәселелері талқыланып, материалдық-техникалық базаны нығайтуға бағытталған нақты шараларды пысықтау тапсырылды. Медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасы тұрғындардың өмір сүру деңгейіне тікелей әсер ететін маңызды бағыттардың бірі екені атап өтілді.
Аралау барысында Еңбекші және Қаратау аудандарын байланыстыратын Сайрамсу өзені арқылы салынып жатқан жаңа автокөлік көпірінің құрылыс барысы да тексерілді. Құрылыс жұмыстары демеушілердің қолдауымен жүзеге асырылуда. Жаңа көпір пайдалануға берілгеннен кейін екі аудан арасындағы көлік қатынасын едәуір жеңілдетіп, жол қозғалысының қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.
Қала әкімі әлеуметтік маңызы бар және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға қолдау көрсетіп отырған демеушілерге алғыс білдіріп, құрылыс сапасына ерекше мән беруді тапсырды.
Сонымен қатар Азат шағынауданындағы Ақбидай көшесінде жүргізіліп жатқан жол төсеу жұмыстарының барысы қаралды. Жоба көше жолының сапасын жақсартып, тұрғындар мен көлік қозғалысына қатысушылар үшін қолайлы жағдай қалыптастыруға бағытталған.
Мердігер ұйымға жол құрылысын белгіленген мерзімде сапалы аяқтап, жұмыс барысында барлық технологиялық талаптарды сақтаумен қатар, көшеге іргелес аумақтарды абаттандыру тапсырылды.
Тұрғындарды сапалы баспанамен қамтамасыз ету, медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру және көлік инфрақұрылымын жаңарту – Шымкенттің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзара сабақтас бағыттары. Осы жобалардың сапалы әрі уақытылы жүзеге асырылуы — қала әкімдігінің тұрақты бақылауында.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
