![]()
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте қала үшін маңызды үш бағыт – зияткерлік меншік құқықтарын қорғау, күзгі әскерге шақыру науқаны және кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау мәселелері қаралды. Әр бағыт бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижелері сараланып, алдағы міндеттер айқындалды.
Қалалық Әділет департаментінің басшысы Айнұр Исабекованың мәліметінше, биылғы бірінші жартыжылдықта құқық иеленушілердің өтініштері негізінде жоспардан тыс тексерулер жүргізіліп, 24 әкімшілік іс қозғалған. Тексеру кезінде жалпы құны 6,1 млн теңгеден асатын 2 092 дана өнім тәркіленіп, 2,7 млн теңге көлемінде айыппұл салынған. Құқық қорғау органдарымен бірлескен шаралар барысында тағы 708 өнім тәркіленіп, олардың құны 1,36 млн теңгеден асты, 216 мың теңгеден астам айыппұл салынды. Заңнамада тауар белгілерін заңсыз пайдаланғаны үшін айыппұл салу, контрафактілік өнімдерді тәркілеу және жою көзделген.
Кеңесте күзгі әскерге шақыру науқанының барысы да талқыланды. Қалалық Қорғаныс істері департаментінің бастығы Әбдіғабит Шегебаевтың айтуынша, биыл күзде Қарулы Күштер қатарына 1 337 азаматты жіберу жоспарлануда. Көктемгі шақыру қорытындысында 1 119 азамат әскери қызметке жіберілген. Шақырылушыларға хабарламалар «1414» жүйесі арқылы және шақыру қағаздары негізінде жолданады. Сонымен қатар Тұран ауданында Қорғаныс істері жөніндегі жаңа басқарма ашылып, оны шақыру пункті орналасатын ғимаратпен және қызметтік автокөлікпен қамтамасыз ету мәселесі қарастырылуда.
Кәсіпкерлікті қолдау бағытында да нақты көрсеткіштер бар. «Даму» қоры филиалының директоры Әсет Тілемісовтің мәліметінше, 2026 жылғы қаңтар-тамызда «1-Кепілдік қоры» бағдарламасы бойынша 102 жобаға 19,1 млрд теңге кредит беріліп, 9,6 млрд теңге көлемінде кепілдік ұсынылған. «Іскер аймақ» бағдарламасы арқылы 47 жоба 2,7 млрд теңгеге, «Өрлеу» бойынша 15 жоба 3,9 млрд теңгеге қаржыландырылды. Жобалардың басым бөлігі өңдеу өнеркәсібіне тиесілі.
Жыл басынан бері жалпы құны 68,3 млрд теңге болатын 915 жобаға мониторинг жүргізіліп, негізінен қаражатты мақсатсыз пайдалану және міндеттемелерді орындамауға қатысты заң бұзушылықтар анықталған. Кәсіпкерлерге «Бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсету кеңейтіліп, «Бәйтерек» фронт-офисі арқылы мыңнан астам кәсіпкер консультациялық көмек алған. «Арманнан іске» пилоттық бағдарламасы іске қосылып, қыркүйектен Кәсіпкерлікті қолдау және сүйемелдеу орталығы жұмысын бастады.
Кеңес қорытындысында қала әкімі жауапты органдарға құқық иеленушілердің құқығын қорғауды күшейтіп, кәсіпкерлерге жүйелі қолдау көрсетуді жалғастыруды тапсырды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
