![]()
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Франция Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Сильван Гиогемен кездесті.
Кездесу барысында сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени-гуманитарлық және туристік бағыттардағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері талқыланды. “Франция – Қазақстанның Еуропадағы негізгі стратегиялық серіктестерінің бірі. Сондықтан Шымкент үшін француз серіктестерімен өзара ықпалдастықты нығайтудың маңызы зор”, — дейді шаһар басшысы.
Тараптар өткен жылы Шымкентте Францияның Құрметті консулдығының ашылуы мен ынтымақтастық жөніндегі Жол картасының қабылдануы өзара серіктестікті жаңа деңгейге көтергенін атап өтті. Сонымен қатар халықаралық «Франкофония көктемі» фестивалі аясында ұйымдастырылған «Париждегі Нотр-Дам соборының қайта жаңғыруы» көрмесінің жоғары қызығушылық тудырғаны айтылды.
Кездесуде Шымкент қаласында Францияның виза орталығын ашу мүмкіндігі де қарастырылды. Бұл бастама тұрғындар үшін визалық қызметтердің қолжетімділігін арттырып, іскерлік, білім беру, туризм және мәдени байланыстарды дамытуға серпін береді.
Кездесу соңында тараптар өзара тиімді серіктестікті одан әрі нығайтуға және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екендіктерін білдірді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның шетелдермен өзара тиімді экономикалық және инвестициялық байланыстарын кеңейтуге ерекше мән беріп келеді. Осы бағыттағы жұмыстар Шымкенттің халықаралық ынтымақтастығын дамытуға да негіз болып отыр. Франциямен серіктестікті нығайту қала экономикасына жаңа инвестициялар тартуға, кәсіпкерлік байланыстарды кеңейтуге және жаңа жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді. Әсіресе, виза орталығын ашу бастамасы туризм, білім, мәдениет және іскерлік байланыстардың дамуына оң ықпал етпек. Құрметті консулдықтың ашылуы мен Жол картасының қабылдануы екіжақты ықпалдастықтың институционалдық негізін күшейтті. Ал мәдени-гуманитарлық жобалар халықтар арасындағы өзара түсіністік пен достықты тереңдете түседі. Шымкенттің Францияның іскерлік және мәдени орталарымен тікелей байланыс орнатуы қаланың халықаралық беделін арттырып, жаңа серіктестер мен инвесторларды тартуға жол ашады. Бұл бастамалар Президент айқындаған сыртқы экономикалық байланыстарды әртараптандыру және өңірлердің инвестициялық әлеуетін тиімді пайдалану саясатына сәйкес келеді. Сондықтан Франциямен әріптестіктің жаңа бағыттарын қалыптастыру Шымкенттің экономикалық, туристік және мәдени әлеуетін одан әрі ашуға мүмкіндік беретін маңызды қадам болмақ.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
