Шымкентте сайлау учаскелерінің дайындығы пысықталып жатыр

Loading

Шымкент қаласында 23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауына дайындық жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес жалғасуда. Қазіргі таңда сайлау учаскелерін талапқа сай жабдықтау, комиссиялардың жұмысын ұйымдастыру, сайлаушылар тізімін нақтылау және азаматтардың дауыс беруіне қолайлы жағдай жасау бағытында тиісті шаралар атқарылуда.

Дайындықтың маңызды бағытының бірі – мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сайлау процесіне кедергісіз қатысуын қамтамасыз ету. Осы мақсатта қаладағы учаскелердің қолжетімділігі арнайы пысықталуда. Атап айтқанда, Әл-Фараби ауданындағы А.С. Пушкин атындағы №1 мектеп-гимназияда орналасқан №92 сайлау учаскесінің әзірлігі тексерілді. Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Есенғали Расулбеков, сайлау комиссиясының мүшелері мен қоғам белсенділері қатысты.

Әл-Фараби ауданында барлығы 77 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Аудан әкімінің орынбасары учаскелердің белгіленген талаптарға сәйкестігі, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға жасалған жағдай тұрақты бақылауда екенін атап өтті.

№92 учаскеде азаматтардың еркін жүріп-тұруына қажетті жағдай қарастырылған. Кіреберісте пандус орнатылып, дауыс беру кабиналары қосымша жарықтандырылған. Сайлау учаскесінің шекарасы белгіленіп, тұрғындардың кедергісіз кіріп, дауыс беруіне мүмкіндік жасалған. Учаскелік комиссия хатшысы Ақмарал Шатырбекованың мәліметінше, мұнда 1470 сайлаушы тіркелген.

Сонымен қатар қаладағы жекелеген сайлау учаскелерінде анықталған кемшіліктерді жою жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, шақыру түймелерін жұмыс жағдайына келтіру және жаңадан құрылған учаскелерге пандус орнату шаралары қолға алынған.

“Сайлау процесінің заң талаптарына сай әрі ұйымдасқан түрде өтуі, әр азаматтың конституциялық құқығын еркін жүзеге асыруы үшін дайындық жұмыстары сайлау күніне дейін жалғасып, тиісті бақылауда болады”, — дейді жауаптылар.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You