![]()
Республика күні қарсаңында Шымкент қаласындағы Көксай шағынауданында тұратын тағы жеті отбасы қоныс тойын тойлауға мүмкіндік алды. Нұрлыбаев көшесі, №22 мекенжайындағы тозығы жеткен тұрғын үйдің тұрғындарына жаңа пәтерлердің кілті табысталды. Қоныс аудару жұмыстары Көксай шағынауданын кешенді жаңартуды көздейтін реновация бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда.
Пәтер кілттерін салтанатты түрде табыстау рәсіміне Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты. Қала әкімі жаңа баспанаға ие болған отбасыларды қуанышты оқиғамен құттықтап, қоныстарының құтты болуын тіледі. Сондай-ақ әр шаңыраққа амандық, отбасылық береке-бірлік пен шаттыққа толы өмір тіледі.
Айта кетейік, Көксай аумағын жаңарту тұжырымдамасы жүзеге асырыла бастағаннан бері бүгінге дейін жалпы 135 отбасы жаңа тұрғын үйге көшірілді. Оларға Shymkent City және Тұран шағынаудандарындағы тұрғын үй кешендерінен пәтерлер берілді. Бұл жұмыс тозығы жеткен тұрғын үйлерде тұратын азаматтардың қауіпсіз әрі қолайлы баспанаға қол жеткізуіне бағытталған.
Тұрғындарға ұсынылған жаңа пәтерлер толық әрленген, қоныстануға дайын күйде беріледі. Баспана бөлу кезінде әр отбасының бұрынғы пәтерінің ауданы мен бөлме саны ескеріледі. Осылайша, реновация бағдарламасы аясында тұрғындардың баспана жағдайын жақсартуға және көшу үдерісін барынша қолайлы ұйымдастыруға басымдық беріліп отыр.
Жалпы, Көксай шағынауданын жаңарту тұжырымдамасы ескі тұрғын үйлерді кезең-кезеңімен жаңғыртумен шектелмейді. Жоба аясында инженерлік инфрақұрылымды дамыту, аумақты абаттандыру және тұрғындарға қолайлы қоғамдық кеңістіктер қалыптастыру көзделген. Бұл жұмыстар шағынауданның сәулеттік келбетін жақсартып қана қоймай, тұрғындардың күнделікті тұрмыс сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Жеті отбасының жаңа баспанаға ие болуы – осы бағыттағы жұмыстардың кезекті нәтижесі. Қалада реновация бағдарламасын кезең-кезеңімен жүзеге асыру арқылы тұрғын үй қорын жаңарту және халыққа қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру жұмыстары жалғасуда.
“ANYQ.KZ”-ақпарат.
