![]()
Шаһар басшысы Ғабит Сыздықбеков кезекті қаланы аралау барысында «Камея Pharm Group» ЖШС-нің жұмысымен және материалдық-техникалық базасымен танысты. Медициналық мекеме бір ауысымда 300–500 адамды қабылдауға қауқарлы және 36 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсетеді.
Аралау барысында отбасылық денсаулық орталықтарының, жалпы тәжірибелік бөлімдердің, диагностикалық қызметтің, мамандандырылған бөлімшелердің және ситуациялық орталықтың жұмысы мен цифрландыру деңгейі қаралды.
Сонымен қатар қала әкімі Shymkent City шағынауданында орналасқан «Шымфарм» ЖШС-нің жаңа филиалының қызметімен танысты. Алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған мекеме тәулігіне 100–120 адамды қабылдай алады. Филиалда 3 025 тұрғын бекітілген, екі жалпыдәрігерлік тәжірибе учаскесі жұмыс істейді. Мұнда негізгі бағыттар бойынша қабылдау жүргізіліп, диагностикалық зерттеулер жасайтын зертхана қызмет көрсетеді.
Шымкент қаласының әкімі денсаулық сақтау басқармасына міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне тіркелмеген азаматтарды қамту жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Бұдан бөлек Ғабит Сыздықбеков Әл-Фараби және Еңбекші аудандарында Қонаев даңғылы бойындағы жаяу жүргіншілер жолының құрылысы мен Исфиджаб тұрғын алабындағы көшелерге төселген жол жабындысының сапасын тексерді. Аталған жобалар жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға және тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған. Қала әкімі инфрақұрылымдық жобаларды сапалы іске асырудың және тұрғындардың сұранысын ескерудің маңыздылығына ерекше назар аударды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халықтың әл-ауқатын арттырудың басты кепілі – сапалы медицина мен дамыған инфрақұрылым» екенін бірнеше рет атап өткен болатын. Бүгінде елімізде алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімділігін кеңейту, медицинаны цифрландыру және тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді.
Осы тұрғыда Шымкентте жүзеге асырылып жатқан медициналық және инфрақұрылымдық жобалар мегаполистің тұрақты дамуына серпін беруде. Заманауи емдеу мекемелерінің ашылуы, жол және жаяу жүргіншілер инфрақұрылымының жаңаруы тұрғындардың өмір сапасын арттырып, қалада қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
