Шымкент қаласының әкімі мегаполистің инвестициялық және өнеркәсіптік әлеуетін таныстырды

Loading

Шымкентте өткен “IX Kazakhstan Global Investment Roundtable” (KGIR-2026) халықаралық инвестициялық форумында қаланың экономикалық даму көрсеткіштері, өнеркәсіптік әлеуеті және жаңа инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды. Пленарлық сессияда Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков мегаполистің соңғы жылдардағы даму қарқынына тоқталып, шетелдік инвесторлар үшін ашылып отырған перспективалы бағыттарды атап өтті.

Биыл тоғызыншы рет ұйымдастырылған халықаралық форумға әлемнің 40-тан астам елінен 500-ден аса инвестор мен бизнес өкілі қатысты. «Тұрақтылықтан өсімге: Қазақстанның жаңа инвестициялық циклі» тақырыбындағы пленарлық отырысты Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов ашып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес елімізде қалыптасып жатқан инвестициялық мүмкіндіктер туралы баяндады.

Өз сөзінде Ғабит Сыздықбеков Шымкент экономикасының тұрақты өсім көрсетіп келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, соңғы бес жылда қаланың жалпы өңірлік өнімі үштен бір бөлігіне ұлғайып, 13 млрд АҚШ долларына жеткен. Ал негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі екі есеге артып, 7 млрд долларды құрады. Бүгінде мегаполисте 133 мың шағын және орта бизнес субъектісі, сондай-ақ шетелдік капиталдың қатысуымен құрылған 2 мыңға жуық компания мен бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді.

Қалада шетелдік инвесторлардың қатысуымен жалпы құны 1,5 млрд доллар болатын 20 жоба жүзеге асырылған. Қазіргі уақытта тағы 7,5 млрд доллар көлеміндегі 21 инвестициялық жоба іске асырылу үстінде. Олардың қатарында “CNPC”, “Coca-Cola”, “Polpharma”, “Alarko Holding”, “YDA Group”, “Fabe Agro” және “Wang-Sheng Ceramics” секілді халықаралық компаниялар бар. Бұл мегаполистің шетелдік бизнес үшін тартымды алаңға айналып келе жатқанын көрсетеді.

Инвестициялық мүмкіндіктерді одан әрі кеңейту мақсатында қаладағы қолданыстағы төрт өнеркәсіптік алаңды ұлғайту және жаңа металлургиялық өнеркәсіптік аймақ құру жоспарланған. Арнайы экономикалық аймақтың кеңеюін ескергенде, жаңа өндіріс орындарын орналастыруға арналған аумақтардың жалпы көлемі 1 700 гектардан асады. Бұл бастамалар ірі өндірістік жобаларды тартуға, өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар қала басшысы көлік-логистикалық инфрақұрылымның маңыздылығына тоқталды. Шымкент халықаралық әуежайының жаңа терминалы мегаполистің транзиттік және іскерлік әлеуетін арттыруға ықпал етеді. Оның жылына 12 млн жолаушыға қызмет көрсету мүмкіндігі бар. Ал болашақта екінші ұшу-қону жолағының салынуы жүк және транзиттік тасымалдардың ауқымын кеңейтеді. Соңғы екі жылда халықаралық әуе бағыттарының саны 10-нан 22-ге дейін көбейіп, жүк тасымалының көлемі 176 пайызға артқан.

Бұдан бөлек, Ғабит Сыздықбеков халықаралық компаниялардың өкілдерімен және әлеуетті инвесторлармен бірқатар екіжақты кездесу өткізді. Келіссөздер барысында өзара тиімді ынтымақтастық орнату, инвестициялық бастамаларды жүзеге асыру және жаңа жобаларды іске қосу мүмкіндіктері қарастырылды.

Осылайша, халықаралық инвестициялық форум Шымкенттің экономикалық және өнеркәсіптік әлеуетін шетелдік іскерлік ортаға таныстыруға, жаңа серіктестермен байланыс орнатуға және мегаполиске инвестиция тарту бағытындағы жұмысты жандандыруға мүмкіндік берді.

“ANYQ.KZ”-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You