![]()
Шымкентте өткен Қазақстанның жаһандық инвестициялық дөңгелек үстелі (KGIR-2026) аясында қала әкімі Ғабит Сыздықбеков бірқатар халықаралық компаниялар мен Еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) өкілдерімен келіссөздер жүргізді. Кездесулер барысында мегаполиске инвестиция тарту, жаңа өндіріс орындарын ашу, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту және қалалық инфрақұрылымды жаңғырту мәселелері талқыланды.
Атап айтқанда, қала басшысы Пәкістанның «FlyCom LLC», «AeroNext Global» және «Forza Roma Group», Израильдің «Go Carmel Ltd.», Норвегияның «Jotun», сондай-ақ Непалдың «CG Group» компанияларының өкілдерімен кездесті. Келіссөздерде әріптестіктің перспективалы бағыттары мен бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері қарастырылды.
Пәкістандық компания өкілдерімен агроөнеркәсіптік кешенді дамыту және сауда-экономикалық байланыстарды нығайту мәселелері сөз болды. Ал «Go Carmel Ltd.» компаниясымен күн энергетикасы нысандарын салу, «Jotun» компаниясымен сыр-бояу материалдарын өндіретін кәсіпорын ашу жөніндегі ұсыныстар талқыланды. Бұл бастамалар қаланың өндірістік әлеуетін кеңейтіп, өнеркәсіп саласына жаңа технологиялар мен инвестициялар тартуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар «CG Group» компаниясының басшылығымен өткен кездесуде Шымкентте азық-түлік өндірісін ұйымдастыру және кейіннен дайын өнімді Қазақстан мен Орталық Азия нарықтарына шығару перспективалары қаралды. Мұндай жобалар жергілікті өндірісті дамытуға, ішкі нарықты отандық өніммен қамтуға және экспорттық мүмкіндіктерді кеңейтуге бағытталған.
Еуропалық қайта құру және даму банкінің Орталық Азия және Моңғолия бойынша басқарушы директоры Хусейн Өзханмен кездесуде коммуналдық инфрақұрылым саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, қалалық коммуналдық жүйелерді дамыту, инфрақұрылымның тиімділігін арттыру және осы бағыттағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктеріне назар аударылды.
Келіссөздер барысында шетелдік серіктестерге Шымкенттің инвестициялық әлеуеті, жаңа кәсіпорындар орналастыруға қолайлы жағдайлар, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың мүмкіндіктері таныстырылды. Сондай-ақ қаланың географиялық орналасуы мен көлік-логистикалық инфрақұрылымының артықшылықтары атап өтілді.
Ғабит Сыздықбеков шетелдік инвесторларға жобаларды бастапқы пысықтау кезеңінен бастап, оларды толық іске асыруға дейін жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. Кездесулер қорытындысында тараптар өзара тиімді ынтымақтастықтың басым бағыттарын айқындап, бірлескен бастамаларды одан әрі пысықтауға уағдаласты.
Шетелдік инвестицияларды тарту, халықаралық іскерлік байланыстарды нығайту және өнеркәсіптік кооперацияны кеңейту Шымкенттің экономикалық дамуындағы маңызды бағыттардың бірі болып қала береді. Жаңа жобалардың жүзеге асуы өндірістік әлеуетті арттырып қана қоймай, қосымша жұмыс орындарын ашуға және қаланың инвестициялық тартымдылығын күшейтуге ықпал етеді.
“ANYQ.KZ”-ақпарат.
