Шымкент қаласының әкімі Мемлекеттік қызметшілер күні қарсаңында үздік қызметкерлерді марапаттады

Loading

Мемлекеттік қызметшілер күні қарсаңында Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков мемлекеттік қызмет жүйесінің дамуы мен тиімді жұмысына елеулі үлес қосқан қызметкерлерге Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ведомстволық наградаларын табыстады.

«Үздік мемлекеттік қызметші» ведомстволық наградасымен қала әкімдігі аппаратының бас инспекторы Насурлаева Гүлжаһан Тасшабайқызы марапатталды.

Бұдан бөлек «Мемлекеттік қызмет ардагері» ведомстволық наградасы халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының әлеуметтік төлемдерді тағайындау және жүзеге асыру бөлімінің бас маманы Алмира Сайлауқызы Байырбековаға, сондай-ақ, кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының өнеркәсіп және экспорт бөлімінің бас маманы Ләйлә Шамилқызы Зайнутдиноваға табысталды.

Марапат иелерін құттықтаған шаһар басшысы мемлекеттік қызметтің жоғары жауапкершілікті, кәсібилікті және өз ісіне адалдықты талап ететінін атап өтті. Қала әкімі мемлекеттік қызметшілердің көп жылдық адал еңбегіне алғыс білдіріп, дәл осындай білікті мамандар мемлекеттік органдардың тұрақты әрі тиімді жұмысын қамтамасыз ететінін, қаланың дамуына қомақты үлес қосып отырғанын жеткізді.

Айта кету керек, ведомстволық наградалардың табысталуы – марапатталған қызметкерлердің ұзақ жылғы мінсіз еңбегінің, жоғары кәсіби біліктілігінің және мемлекеттік басқару жүйесін нығайтуға қосқан елеулі үлесінің айқын көрінісі.

Мемлекеттік қызметтің беделі елдің басқару сапасымен өлшенеді. Бүгінде Қазақстанда 83 мыңнан астам мемлекеттік қызметші халық игілігі жолында еңбек етіп, мемлекеттік аппараттың тиімділігі мен ашықтығын арттыруға үлес қосуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қызметтегі негізгі қағидаттарыңыз – адалдық, кәсібилік, құзыреттілік және ашықтық болуға тиіс», – деп мемлекеттік қызметшілердің басты ұстанымын айқындаған. Шымкентте марапатталған мамандардың еңбегі — осы қағидаттардың нақты көрінісі. Елге адал қызмет етіп, тұрғындардың сенімін ақтайтын кәсіби кадрларды қолдау – сапалы мемлекеттік басқару мен Әділетті Қазақстанды қалыптастырудың маңызды негізі.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You