Шымкент қаласының әкімі мемлекеттік органдардың ашықтығы мен тиімділігін арттыруды тапсырды

Loading

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен аппараттық кеңес өтіп, мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігі мен ашықтығын арттыруға қатысты өзекті мәселелер қаралды. Жиында мемлекеттік сатып алу заңнамасының сақталуы, бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл және 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы «Ашықтық индексінің» нәтижелері талқыланды.

Шымкент қаласы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысының орынбасары Нұржан Сүлейменов мемлекеттік сатып алу саласында превентивті бақылауды күшейтуге және ықтимал тәуекелдерді ерте анықтауға басымдық беріліп отырғанын айтты. Бұл бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына жол бермеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар «Онлайн-бюджеттік мониторинг» жүйесін енгізу жұмыстары жалғасуда. Пилоттық жоба білім беру, денсаулық сақтау, спорт және мәдениет салаларын қамтиды.

Мемлекеттік сатып алудың сапасын арттыру бағытында рәсімдердің ашықтығы, сатып алу шарттарының негізділігі, заң талаптарының сақталуы және бюджет шығыстарын тиімді жоспарлау мәселелеріне ерекше мән берілуде.

Кеңесте ақпараттық саясаттың жүзеге асырылуы да қаралды. Ішкі саясат басқармасының басшысы Азамат Пармановтың мәліметінше, ақпараттық кеңістікке тұрақты мониторинг жүргізіліп, тұрғындармен кері байланысты қамтамасыз ету жұмыстары жүйелі түрде атқарылуда. Қалалық басқармалар мен аудан әкімдіктерінің ресми парақшаларында атқарылып жатқан жұмыстар мен іске асырылған жобалар туралы ақпарат тұрақты жарияланып келеді. Сегіз ай ішінде Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында қаланың өзекті мәселелері мен даму бағыттарына арналған 85 брифинг өткізілген.

Сондай-ақ «Ашықтық индексі» бойынша мемлекеттік органдардың көрсеткіштерін жақсарту шаралары талқыланды. Индекс төрт негізгі бағыт бойынша бағаланады. Осыған байланысты «e-Otinish» жүйесіндегі өтініштерді уақтылы қарау, деректердің дұрыстығын қамтамасыз ету және азаматтармен кері байланысты күшейту жұмыстары жетілдірілуде. Мемлекеттік орган басшыларының тұрғындарды жеке қабылдауына, цифрлық коммуникацияларды дамытуға және қайталама өтініштердің себептерін талдауға да басымдық берілуде.

Кеңес қорытындысында қала әкімі жауапты тұлғаларға мемлекеттік сатып алудың тиімділігін, ақпараттық ашықтықты және тұрғындармен өзара іс-қимыл сапасын арттыруды тапсырды. Сонымен бірге «Ашықтық индексі» көрсеткіштерін жақсартуға бағытталған нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеп, оның орындалуына тұрақты мониторинг жүргізу қажеттігін атап өтті.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You