Шымкент қаласының әкімі «Отбасы банк» АҚ басқарма төрайымымен кездесу өткізді

Loading

Шаһар басшысы Ғабит Сыздықбеков «Отбасы банк» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимовамен кездесу өткізді. Кездесу барысында Шымкент қаласында мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларын іске асыру және азаматтарды қолжетімді әрі сапалы баспанамен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.

Тараптар тұрғын үй құрылысының қарқынын арттыру, ипотекалық бағдарламалардың қолжетімділігін кеңейту және тұрғын үй жағдайын жақсартуды қажет ететін азаматтарды қолдау тетіктеріне ерекше назар аударды. Кездесу қорытындысы бойынша тұрғын үйге қолжетімділікті арттыру және мемлекеттік бағдарламалар аясындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту бағытындағы бірлескен жұмысты жалғастыру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.

Сонымен қатар қала әкімі мен «Отбасы банк» АҚ басқарма төрайымы 100 отбасыға жаңа пәтер кілтін табыстау рәсіміне қатысты. Баспаналар тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға және «2-10-20», «5-10-20» жеңілдетілген бағдарламаларының қатысушыларына берілді. Қоныс иелерін жаңа баспанамен құттықтаған қала әкімі тұрғындарды қолжетімді тұрғын үймен қамту бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасатынын атап өтті.

Бүгінде Шымкент мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларын іске асыру бойынша көшбасшы өңірлердің қатарында тұр. Қалада тұрғын үймен қамту қарқыны артып, баспана бөлу тетіктерінің тиімділігі күшейіп келеді. Жыл соңына дейін Шымкентте 6 500-ден астам пәтер беру жоспарланған. Оның ішінде 1 983-і жалдамалы, ал 4 568-і несиелік тұрғын үй санатына жатады. Азаматтардың тұрғын үйге қолжетімділігін кеңейту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.

Атап өту керек, Шымкент қаласында тұрғын үй құрылысы қарқынды жалғасуда. Қалалық құрылыс басқармасының мәліметінше, 2026 жылы жалпы көлемі 102 мың шаршы метрді құрайтын 32 тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Аталған тұрғын үйлер 1 243 пәтерге есептелген. Жоспарға сәйкес, Тұран шағынауданында — 12 тұрғын үй, ал Бозарық шағынауданында 20 тұрғын үй салынбақ.

Бұл жұмыстар қала тұрғындарын баспанамен қамту деңгейін арттырып, шаһардың тұрғын үй инфрақұрылымын дамытуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жаңа тұрғын үйлердің құрылысы мегаполистің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізері анық.

Түйін. Шымкентте тұрғындарды қолжетімді әрі сапалы баспанамен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Мемлекеттік бағдарламалар мен құрылыс қарқынының артуы нәтижесінде мыңдаған отбасының баспана мәселесін шешуге мүмкіндік жасалуда. Бұл бастамалар шаһардың әлеуметтік тұрақтылығын нығайтып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға оң ықпал етпек.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You