Шымкент қаласының әкімі тұрғын үй және әлеуметтік нысандардағы жұмыстарды саралады

Loading

Шымкентте тұрғындарды баспанамен қамту және әлеуметтік нысандардың жағдайын жақсарту бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жұмыс сапары барысында бірқатар нысанды аралап, тұрғын үймен қамтамасыз ету, оңалту қызметтерінің сапасы және әлеуметтік нысандарды жаңғырту мәселелерін назарға алды.

Сапар барысында Асар-2 шағынауданында кезекте тұрған азаматтарға жаңа пәтерлердің кілті табысталды. 40 отбасы «Отбасы банк» АҚ-ның «2-10-20» және «5-10-20» жеңілдетілген несиелік бағдарламалары аясында төлем қабілетін растау арқылы баспаналы болды. Олардың қатарында көпбалалы және толық емес отбасылар, мүгедектігі бар азаматтар, сондай-ақ бюджет ұйымдарының қызметкерлері бар.

Биыл Шымкентте тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 7386 пәтер беру жоспарланған. Оның 2818-і – жалға берілетін, 4568-і – несиелік тұрғын үй. Бүгінге дейін 3699 азамат баспаналы болды. Оның ішінде 2192 отбасы несиелік, 1507 отбасы жалға берілетін тұрғын үймен қамтылған. Жыл соңына дейін тағы 3687 пәтер беру көзделіп отыр. Оның 2376-сы – несиелік, 1311-і – жалға берілетін баспана.

Қала әкімі сондай-ақ психофизикалық даму ерекшеліктері бар балаларға кешенді көмек көрсететін «Қамқорлық» оңалту орталығының жұмысымен танысты. 150 орынға арналған орталықта логопедтермен сабақтар, емдік дене шынықтыру, керамика және робототехника үйірмелері ұйымдастырылған. Ғабит Сыздықбеков оңалту шараларының сапасына және орталықты қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлуді тапсырды.

Әл-Фараби ауданындағы есту қабілеті бұзылған балаларға арналған №2 арнайы мектеп-интернаттың жұмысы да қаралды. 2024 жылы мұнда 40 орындық қосымша корпус салынған. Мекеме балалардың білім алуына, әлеуметтік ортаға бейімделуіне және өз бетінше өмір сүру дағдыларын қалыптастыруына жағдай жасап келеді.

Ал Еңбекші ауданындағы 1976 жылы салынған №53 «Ер-Асыл» балабақшасының жағдайы назарға алынды. 150 орынға арналған мектепке дейінгі ұйымда бүгінде 138 бала тәрбиеленіп жатыр. Ғимараттың ұзақ жылдар бойы пайдаланылғанын ескере отырып, нысанды кешенді күрделі жөндеу қажеттігі айтылды. Жауапты тұлғаларға жобалық құжаттаманы әзірлеп, балабақшаны алдағы кезеңдегі күрделі жөндеу жоспарына енгізу тапсырылды.

Жалпы, қаладағы әлеуметтік саясаттың басым бағыттары тұрғындарды баспанамен қамтумен қатар, балаларға сапалы білім, оңалту және қауіпсіз орта қалыптастыруды көздейді. Бұл бағыттағы жұмыстардың нәтижесі нақты нысандар мен азаматтардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталуда.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You