![]()
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Тұран ауданында көшпелі кездесу өткізіп, Жаңаталап шағынауданы, Абай даңғылы бойындағы тұрғындармен, сондай-ақ Ақжар және Ақтас-2 тұрғын алаптарының халқымен жүздесті. Кездесуде елді мекендердің тыныс-тіршілігіне қатысты өзекті мәселелер талқыланып, оларды шешу жолдары сараланды.
Тұрғындар жер қатынастары, тұрғын үй сертификаттарын алу, табиғи газға қосылу, ағын сумен қамту, тұрмыстық қалдықтарды шығару және жасыл желекті күтіп-ұстау мәселелерін көтерді. Әлеуметтік нысандарға қатысты ұсыныстар да назардан тыс қалмады. Жаңаталап шағынауданында мектеп пен спорт кешенін салу қажеттігі айтылса, Ақжар тұрғын алабында Мәдениет үйі мен балалар ойын алаңын салу ұсынылды.
Көлік қатынасына қатысты тұрғындар қоғамдық көліктердің жүру жиілігін арттыру, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қосымша бағдаршамдар орнату және білім беру нысандары маңында жаяу жүргіншілер өткелдерін ұйымдастыру жөнінде ұсыныстарын жеткізді. Сонымен қатар, аулалар мен қоғамдық аумақтарды абаттандыру, санитарлық тазалықты сақтау және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру мәселелері де сөз болды.
Кездесу барысында көтерілген мәселелердің басым бөлігі бойынша тиісті шешімдер қабылданып, қалған өтініштерді зерделеу үшін жауапты басқармаларға нақты тапсырмалар берілді. Алдағы жұмыстардың мерзімі мен бағыты айқындалып, әр мәселе бойынша жауапты құрылымдар белгіленді.
Қала әкімі аудан әкімдігіне тұрғындармен кері байланысты күшейтіп, көтерілген мәселелердің орындалуын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды. Қабылданған шешімдер мен атқарылған жұмыстардың нәтижесі халыққа жүйелі түрде жеткізіліп отыруы тиіс.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
