![]()
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл, Әл-Фараби және Еңбекші аудандары тұрғындарының өтініштері бойынша берілген тапсырмалардың орындалуы және қаладағы бірқатар өзекті мәселелердің шешілу барысы қаралды.
Жиында Полиция департаментінің бастығы Мұхтар Қожаев интернет-алаяқтықпен күрес бағытындағы атқарылған жұмыстардың нәтижесін баяндады. Оның айтуынша, 2026 жылдың алғашқы алты айында Шымкентте интернет-алаяқтықтың 330 фактісі тіркелген. Қылмыстардың ашылу деңгейі 41,3 пайызды құрап, республикалық орташа көрсеткіштен жоғары болған. Жүргізілген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде жәбірленушілерге 214 миллион теңге қайтарылған. Сонымен қатар 3,3 мыңнан астам банк шоты бұғатталып, 15,5 миллион теңгенің заңсыз аударылуына жол берілмеді.
Киберқылмыстың алдын алу бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Тұрғындар арасында ауқымды ақпараттық-түсіндіру шаралары ұйымдастырылып, қылмыстық топтардың жолы кесілді. Кибералаяқтық схемаларына қатысы бар дропперлер мен өзге де тұлғалар ұсталды. Қалада жұмыс істеп тұрған “ANTIFRAUD CALL CENTER” орталығы тәулік бойы алаяқтық белгілері бар қоңырауларды анықтап, күн сайын шамамен 1 700 қоңырауды бұғаттайды.
Қала басшысы интернет-алаяқтықпен күресте тек қылмыс жасалғаннан кейін әрекет етумен шектелмей, алдын алу шараларын күшейтудің маңызын атап өтті. Осы бағытта халықтың қаржылық және цифрлық сауаттылығын арттыруға, алаяқтықтың жаңа тәсілдерін жедел анықтауға және мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды күшейтуге басымдық берілмек.
Мәжілісте аудан тұрғындарының өтініштері бойынша берілген тапсырмалардың орындалуы да талқыланды. Әл-Фараби ауданының әкімі Марат Мықтыбековтің мәліметінше, 2023-2026 жылдары қала әкімінің аудан тұрғындарымен кездесулері барысында 984 өтініш түсіп, оның 853-і немесе 86,7 пайызы орындалған. Қалған мәселелер белгіленген мерзімдерге сәйкес іске асырылуда. Өтініштердің басым бөлігі инженерлік және жол инфрақұрылымына, абаттандыруға, жер және тұрғын үй мәселелеріне қатысты.
Еңбекші ауданы бойынша да негізгі көрсеткіштер оң динамиканы көрсетіп отыр. Аудан әкімі Досбол Есілбектің айтуынша, осы кезеңде тұрғындардан түскен 865 өтініштің 753-і немесе 87,1 пайызы оң шешімін тапқан. Қалған мәселелер бойынша нақты орындау мерзімдері белгіленіп, жұмыстар жалғасуда.
Мәжіліс қорытындысында қала әкімі тұрғындар көтерген мәселелердің шешілуіне формалды емес, нәтижеге бағытталған тәсіл қажет екенін атап өтті. Аудан әкімдері мен салалық басқарма басшыларына тұйық көшелерді асфальттау жұмыстарын жедел аяқтау тапсырылды.
Сонымен қатар жаяу жүргіншілер өткелдерінің жарықтандырылуына және көшелердегі жарықтандыру жүйесінің істен шыққан элементтерін уақтылы ауыстыруға ерекше назар аударылды. Қала әкімі мердігер ұйымдардың жұмысына бақылауды күшейтуді, ал шарттық міндеттемелер тиісті деңгейде орындалмаған жағдайда қолданыстағы заңнама шеңберінде қатаң шаралар қабылдауды тапсырды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
