Шымкент қаласының әкімі жол, туризм және энергетика нысандарының жұмысын тексерді

Loading

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қала аумағын аралау барысында бірқатар инфрақұрылымдық және инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты. Негізгі назар жол сапасын арттыруға, туризм инфрақұрылымын дамытуға және тұрғындарды тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз етуге бағытталған жобаларға аударылды.

Алдымен қала әкімі Тұран-2 және Игілік шағынаудандарындағы жол құрылысының барысын тексерді. Биыл бұл аумақтардағы бірқатар көшеге жол төсеу жоспарланған. Жобалардың кезең-кезеңімен іске асырылуы шағынаудандардағы жол инфрақұрылымын нормативтік талаптарға сәйкестендіріп, тұрғындардың қатынауына қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Аралау кезінде мердігер ұйымдардың өкілдерімен құрылыс жұмыстарының қарқыны, орындалатын жұмыстардың сапасы және асфальт төсеу технологиясының сақталуы талқыланды. Жол құрылысы кезінде белгіленген талаптардың қатаң сақталуы, қолданылатын материалдардың сапасы және жұмыстардың мерзімінде орындалуының маңызы атап өтілді. Жауапты тұлғаларға құрылыс барысын тұрақты бақылауда ұстап, анықталған мәселелерді жедел шешу тапсырылды.

Бұдан кейін Тұран ауданында салынып жатқан «BY Park Hotel» қонақ үйінің құрылысы қаралды. 36 орынға есептелген нысанның инвестициялық құны 1,5 миллиард теңгені құрайды. Жаңа қонақ үйдің іске қосылуы қаладағы туристік және сервистік инфрақұрылымды кеңейтіп, келушілерге көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жоба жеке инвестиция тарту арқылы қаланың экономикалық белсенділігін күшейтуге бағытталған.

Қала әкімі Сәуле шағынауданындағы электр желілерінің құрылыс нәтижесімен де танысты. Мұнда бес трансформаторлық қосалқы станция мен бір тарату пункті орнатылып, жалпы ұзындығы шамамен 25 шақырым болатын кабель желілері тартылған.

Қазіргі таңда трансформаторлық қосалқы станцияларға электр жүктемесін беру жұмыстарына дайындық жүргізілуде. Жаңа энергетикалық инфрақұрылымның іске қосылуы шағынаудандағы мыңға жуық абонентті сапалы әрі тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Қаланың әр ауданында жүзеге асырылып жатқан мұндай жобалар тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған. Жолдардың сапасын жақсарту, инвестициялық жобаларды қолдау және инженерлік желілерді жаңарту – Шымкенттің орнықты дамуының маңызды шарттарының бірі. Осыған байланысты барлық нысандағы жұмыстардың сапалы әрі белгіленген мерзімде орындалуы — қала әкімдігінің тұрақты бақылауында.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You