
2026 жылы еліміздің цифрлық даму тарихында жаңа белес басталмақ. Бұған дейін халықаралық деңгейде өткізіліп келген Digital Almaty енді ауқымын кеңейтіп, бүкіл елді қамтитын «Digital Qazaqstan» атты республикалық форумға айналды және ол форум бүгін Шымкентте өтіп жатыр.
Бұл өзгеріс жай ғана атаудың ауысуы емес, Қазақстанның цифрлық экономика мен жасанды интеллектіні дамытудағы стратегиялық бағытының айқын көрінісі. Жаңа форматтағы форум енді тек бір қалада емес, елдің әр өңірінде ұйымдастырылып, технологияның игілігін барша аймаққа жеткізуді көздейді.
Өндірісі өркендеген, әлеуеті зор бұл шаһардың таңдалуы да бекер емес. Мұнда нақты секторды цифрландыру, өндіріс пен жасанды интеллектіні ұштастыру мәселелері терең талқыланып, өңіраралық ынтымақтастыққа тың серпін береді.
Форумның басты тақырыбы – «Industry 5.0». Бұл ұғым адам мен технологияның үйлесімді байланысына негізделеді. Яғни, жасанды интеллект, деректер және робототехника тек өнімділікті арттыру құралы ғана емес, адам әлеуетін дамыту мен қоғамның тұрақты өркендеуіне қызмет ететін күш ретінде қарастырылады.
Ауқымды жиынға мемлекеттік органдар, бизнес өкілдері, халықаралық сарапшылар, инвесторлар мен стартаптар қатысып отыр. Олар цифрлық шешімдерді өмірдің әр саласына енгізудің нақты жолдарын ортаға салады. Теориядан гөрі тәжірибеге басымдық беріліп, нақты кейстер мен тиімді модельдер ұсынылады.
Сонымен қатар форум аясында, пленарлық отырыстар мен салалық пікірталастар, IT-компаниялар мен стартаптардың көрмесі, хакатондар мен технологиялық жарыстар, және үздіктерді анықтайтын «Digital Qazaqstan Awards» ұлттық сыйлығы ұйымдастырылады.
Бұл марапат цифрлық трансформация саласындағы озық жобаларды дәріптеп, жаңа бастамаларға жол ашады. Әсіресе, өнеркәсіптегі AI шешімдер, цифрлық мемлекеттік қызметтер, әлеуметтік жобалар мен болашағы зор стартаптар ерекше назарда болады. «Digital Qazaqstan» еліміздің цифрлық экожүйесін жаңа деңгейге көтеретін, өңірлердің дамуына серпін беретін, технология мен адам мүмкіндігін тоғыстыратын ірі ұлттық алаңға айналмақ.
ШЫМКЕНТТЕ ІРІ IT ДОДА – «DECENTRATHON 5.0» БАСТАУ АЛДЫ
Шымкент қаласында Қазақстандағы ең ауқымды IT жарыстардың бірі – Decentrathon 5.0 хакатоны ресми түрде басталды. Аталған шара елдің цифрлық дамуына серпін беретін маңызды бастамалардың бірі ретінде бағалануда.
«Decentrathon» – тек жарыс алаңы ғана емес, еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған талантты жастардың басын қосатын, инновациялық идеялар мен заманауи шешімдер тоғысатын бірегей платформа. Биылғы ерекшелігі – хакатонның бір мезетте 20 қалада қатар өткізілуі. Екі аптаға жуық уақытқа созылатын дода 27 наурыз бен 5 сәуір аралығында өтеді.
Ауқымды жоба елімізде алғаш рет ұйымдастырылып отырған «Digital Qazaqstan» форумы аясында қолға алынған. Бұл цифрлық даму мен жасанды интеллект бағытындағы бастамалардың өзара үйлесімді түрде жүзеге асуына жол ашып отыр.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, биылғы «Decentrathon-ға» 3000-нан астам әзірлеуші мен 1500 команда қатысады деп күтілуде. Қатысушылар жасанды интеллект және блокчейн технологиялары бағытында тың жобаларын ұсынып, заманауи IT шешімдерін әзірлейді.
Аталған бағыттар – болашақтың негізгі драйверлері саналады. Сондықтан хакатон барысында ұсынылатын әрбір жоба елдің цифрлық әлеуетін арттыруға және инновациялық дамуына нақты үлес қосуы ықтимал.
АЙМАҚТАРДЫ ЦИФРЛАНДЫРУДА «DIGITAL QAZAQSTAN» ФОРУМЫ ТИІМДІ ПЛАТФОРМА БОЛМАҚ
Шымкент қаласында өтіп жатқан республикалық Digital Qazaqstan форумы Қазақстанның цифрлық трансформациясы мен жасанды интеллект саласындағы маңызды бастамаларды талқылауға арналған алаңға айналды. Форумда Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мун сөз сөйлеп, Digital Qazaqstan форумы, “Smart city” жобасы және жасанды интеллектті дамыту бағыттары туралы мәлімдеді.
Вице-министрдің айтуынша, бұл ұлттық платформа ел экономикасын цифрландыру, AI-трансформациялау және өңірлерді дамыту мақсатында өз нәтижесін береді деп бағаланады. “Digital Qazaqstan форумы өңірлердің цифрлық дамуына серпін беретін тиімді платформа болып табылады”, – деді ол.
Форум аясында Цифрлық және технологиялық трансформациядағы үздік тәжірибелерді мойындауға арналған Digital Qazaqstan Awards байқауы жарияланды. Биыл байқау келесі номинациялар бойынша сыйлықтар табыстайды: өнеркәсіптегі AI-шешімдер, цифрлық мемлекеттік қызметтерді дамыту, өңірлік цифрлық трансформация, әлеуметтік маңызы бар технологиялық жобалар және болашағы зор AI-стартаптар.
Форум мен байқау қатысушыларға тәжірибе алмасуға, инновациялық шешімдерді көрсетуге және өңірлердің цифрлық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
ЕЛДІҢ IT ӘЛЕУЕТІН БІРІКТІРЕТІН АУҚЫМДЫ АЛАҢ – «DECENTRATHON 5.0»
Қазақстанның ең ірі IT додаларының бірі – «Decentrathon 5.0» хакатоны ресми түрде ашылды. Іс-шараға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, Цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев қатысты. Бұл хакатон елдің 20 қаласында бір уақытта өтіп, бүкіл елдің әзірлеушілерін бір арнаға тоғыстырды.
Жаслан Мәдиев сөзінде: «Цифрлық трансформация шынайы нәтиже тек бүкіл ел көлемінде жүзеге асқанда ғана жетеді. Технологиялық көшбасшылық тек инфрақұрылым мен инвестицияға байланысты емес. Ең бастысы – адам капиталын дамыту және сапалы технологиялық шешімдер жасау», – деді. Министр сондай-ақ 2026 жыл Қазақстанда жасанды интеллект пен цифрландыру жылы болып жарияланғанын атап, өңірдегі таланттарды жұмылдырудың маңызды екенін айтты.
Decentrathon жыл сайын еліміздің түкпір-түкпірінен 3 000-нан астам әзірлеушіні біріктіріп, жаңа идеялар мен мықты командалардың қалыптасуына жол ашады. Алдыңғы жылдардағы жүлделі орындардың едәуір бөлігі өңірлік командаларға тиесілі болды, бұл технологиялық әлеуеттің тек ірі қалаларда ғана емес, барлық өңірлерде дамып келе жатқанын дәлелдейді.
Хакатон мультилокациялық форматта өткізіліп, халықаралық деңгейде де үлкен қызығушылық тудырған. Оған әлемдік жетекші компаниялар – «McKinsey & Company (QuantumBlack)», «Mastercard», «Binance», «inDrive» және «Solana Foundation» қолдау көрсетуде. Бұл Қазақстанның жас таланттарымен жұмыс істеуге дайын екенін айқын көрсетеді.
«ANYQ.KZ»—ақпарат.
