ШЫМКЕНТТЕ ӘР 15 МИНУТ САЙЫН БІР СӘБИ ДҮНИЕГЕ КЕЛЕДІ

Шымкент қалалық перзентханада жылына 11 мыңнан астам нәресте туылады. Бұл жайында қала әкімі М.Әйтеновтың қалалық перзентхананы аралау барысында белгілі болды. Шаһар басшысы перзентханаға арнайы барып, қазіргі жағдайымен танысты.

Бүгінде стационарлық жағдайда мамандандырылған медициналық көмек көрсететін қалалық перзентхананың материалдық-техникалық базасы жаңартылып, қызмет көрсету сапасы артқан.

Қазіргі таңда мекемеде 53 білікті дәрігер, 171 орта, 87 кіші медперсонал жұмыс істейді. Қала тұрғындарына 153 төсек-орындық стационар қызмет көрсетуде.

 Қалалық перзентхананың 6 ғимараты 2021 жылы күрделі жөндеуден өтті. Оған бюджеттен 1,7 млрд теңге қаралған-ды. Нысан толықтай соңғы үлгідегі медициналық қондырғылармен жабдықталған, заман талабына сай. 2021 жылы 41 медициналық құрал-жабдық (22-і жергілікті бюджет есебінен) сатып алынды.

 Жылына 11 мыңнан астам нәресте дүниеге келетін нысан жаңғырту жұмыстары нәтижесінде 12 мыңнан астам ананың босануына жағдай жасалды.

 Қала әкімі шаһардағы медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын жаңғыртудың маңыздылығын, ана мен баланың денсаулығын жақсарту, демографиялық көрсеткішті одан әрі ұлғайту негізгі бағыттардың бірі болып белгіленгенін атап өтті.

Ал, Шымкент қаласы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» МК КЕ АҚ филиалының баспасөз хатшысы Алтынай Татаеваның сөзінше, бүгінде отбасыларға қолайлы болу үшін барлық жағдайлар жасалуда. Мәселен,  балаға күтім жасау, перзентханадан шығару сияқты іс-шаралармен жүргенде, ата-ананың ХҚО-ға баруға уақыты тапшы болады. Осындайда қызметтерді проактивті тәсімен алу – ең қолайлы шешім. Бұл орайда айта кетейік, телефон хабарламасының көмегімен баланың туу туралы куәлігін, тууға байланысты жәрдемақыны және балабақшаға кезекті рәсімдеп қана қоймай, баланы тұрғылықты жеріне тіркеуге мүмкіндік бар.

Айта кетейік, Шымкентте әр 15 минут сайын бір сәби дүниеге келеді. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, демографиялық өсім жағынан Шымкент Қазақстанда алдыңғы орында тұр. Медицина мамандарының айтуынша, үшінші мегаполисте күніне орта есеппен 120 сәби туылады. Яғни, әр он бес минут сайын бір шымкенттік дүние есігін ашады деген сөз. Ал биыл жыл басынан бері 100 егіз өмірге келген. Бұл өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда шамамен 20 балаға көп.

 

«ANYQ.KZ»-ақпарат

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.