![]()
Шымкенттік көпбалалы ана Гүлжан Жандарәлі 2025 жылы бизнес-жобасын қорғап, 400 АЕК көлеміндегі қайтарымсыз грант алды. Мамандығы фельдшер ананың медицина саласында 10 жылдық тәжірибесі бар. Соның ішінде балалар массажы бағытында 5 жылдан бері қызмет көрсетіп келеді. Мемлекеттен алған қайтарымсыз грантқа екі гидро-ванна құрылғысын сатып алған.
Бүгінде балалар мен ерекше күтімді қажет ететін бүлдіршіндерді оңалтуда гидро-ваннаның өзіндік орны бар. Гүлжан Нұрбекқызы осы құрылғылардың көмегімен қызмет көрсету ауқымын кеңейтіп, массаж алған балалардың ем нәтижесі де оң көрсеткіш беріп келеді.
Мемлекеттік қолдауға дейін бір айда 30 балаға массаж жасалса, заманауи құрылғылардың көмегімен бұл көрсеткіш 50 балаға жеткен. Сонымен қатар, бір адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр.
Кәсіп иесінің айтуынша, гидро-массаж бен су арқылы жүргізілетін оңалту емдері балалардың бұлшық етін босатып, қан айналымын жақсартуға және жүйке жүйесінің қалыпқа келуіне оң әсер етеді. Әсіресе ерекше күтімді қажет ететін балалар үшін мұндай емнің маңызы зор. Сондықтан ата-аналардың бұл қызметке деген сұранысы да артып келеді.
– Мемлекеттік грант кәсібімді кеңейтуге үлкен мүмкіндік берді. Қазіргі таңда келушілер саны көбейді. Алдағы уақытта қосымша мамандарды жұмысқа алып, қызмет түрін арттыруды жоспарлап отырмын, – дейді кәсіпкер.
Айта кетейік, Шымкентте 2025 жылы комиссия шешімімен әлеуметтік санаттағы 431 адамға қайтарымсыз грант берілді. Биыл осы бағытта әлеуметтік санаттағы 400 адамның бизнес-жобасына қолдау көрсету жоспарланып отыр.
Мемлекеттік бағдарламалар аясындағы мұндай қолдаулар тұрғындардың кәсіп бастауына жол ашып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарының құрылуына және халықтың әл-ауқатының артуына оң ықпал етіп келеді.
Еске салайық, гидро-ванна құрылғысы су қысымы мен жылы судың көмегі арқылы адам ағзасына емдік әсер береді. Әсіресе, балаларға арналған гидро-массаж бұлшық еттердің босаңсуына, қан айналымының жақсаруына және жүйке жүйесінің тынышталуына оң ықпал етеді. Мамандардың айтуынша, су терапиясы ерекше күтімді қажет ететін балалардың қимыл-қозғалысын дамытуға, бұлшық ет тонусын қалыпқа келтіруге және жалпы физикалық белсенділігін арттыруға көмектеседі.
Сонымен қатар, жылы су арқылы жасалатын ем-шаралар баланың психологиялық жай-күйіне де жақсы әсер етіп, ұйқысының тыныш болуына септігін тигізеді. Осыған байланысты соңғы жылдары гидро-терапияға деген сұраныс артып, оңалту бағытындағы тиімді әдістердің біріне айналып отыр.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
