Түркістан қаласы FIN IQ диктантында І орын иегері атанды

Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігінің ұйымдастыруымен өткен республикалық FIN IQ диктантында Түркістан қаласы І орын иегері атанды.

Сондай-ақ, Түркістан қаласы әкімдігі қаржылық қауіпсіздік шараларын жоғары деңгейде ұйымдастырып, белсене атсалысқаны үшін арнайы Алғыс хатпен марапатталды. Әкімдік қызметкерлері қаржылық сауаттылықты арттыру, қоғамда экономикалық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру және тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді. Қазіргі таңда Түркістан қаласында сала манандарының қатысуымен қаржылық қауіпсіздік бағытындағы жұмыстар қарқынды жалғасуда.

Осы ретте Түркістан қаласында «Заң мен тәртіп» жобасы аясында Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің республикалық «ZANDY KÚLKІ» жайдарман ойыны өтті. Шараға Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев және Қазақстан Республикасының Қаржы мониторингі агенттігінің ресми өкілі Ернар Тайжан, Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерболат Балғабаев қатысып, командаларды құттықтап, жастардың шығармашылық белсенділігін қолдаудың және мәдени бастамаларды дамытуға бағытталған жобалардың маңызын атап өтті. Жастардың құқықтық мәдениеті мен өнер арқылы ой еркіндігін дамыту бүгінгі қоғам үшін маңызды бағыттардың бірі екенін жеткізді.

Жайдарман ойыны жас таланттарды таныту, шығармашылық қабілеттерін шыңдау және елде бәсекеге қабілетті мәдени буын қалыптастыруға үлес қосу мақсатында ұйымдастырылды. Өнер додасын Қазақстан КВН Одағы РЖҚБ президенті Есентүгел Елеукен жүргізіп, кештің атмосферасын айрықша өрнектеді.

Биыл республиканың әр өңірінен іріктелген 12 команда сахнада өнер көрсетті. Олар: «Жеңіс», «Q» құрамасы, «Меркістан», «Зертас» командасы, «Ату мини» командасы, «Сұрап алмадық» командасы, «Алма кю» құрамасы, «Абибас» құрамасы, «Абырой» құрамасы, «Джеки Шаңырақ», «Киров» құрамасы, «Эверест» құрамасы. Әр команда өз стилін, әзіл деңгейін, сахналық мәдениетін және шығармашылық ұстанымын ортаға салып, көрермен ықыласына бөленді.

Ойын соңында қазылар алқасы әрбір команда өнерін жан-жақты сараптады. Әзіл мазмұны мен тақырыптың өзектілігі, актерлік ойын, сахналық мәнер және көрерменге жеткізу деңгейі — негізгі бағалау өлшемдері болды. Қазылар команда мүшелерінің кәсібилікке ұмтылысы мен шығармашылық ерекшеліктерін жоғары бағалады.

Жастар арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға және өнер арқылы бірлік идеясын дәріптеуге бағытталған бұл республикалық дода өз мәресіне жетіп, жеңімпаздарға Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының кубогі табысталды. Жеңімпаздар ұйымдастырушылар белгілеген сыйлық қоры аясында марапатталды. Сонымен қатар байқауға қатысқан барлық командаларға арнайы алғыс хаттар табысталды.

Бұдан бөлек Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында әділетті Қазақстанды құру жолында әрбір азаматтың адал болуы – қоғамның дамуындағы басты шарт екенін атап өткен болатын. Осы орайда, Түркістан қаласындағы «Конгресс холл» кешенінде «Адал азамат – әділетті қоғам кепілі» атты жас мемлекеттік қызметшілер форумы өтті. Форумға құқық қорғау және мемлекеттік органдардың қызметкерлері, жас мемлекеттік қызметшілер қатысты. Жиын жас мемлекеттік қызметшілерге арналған өте әсерлі қойылыммен басталды.

Форумға арнайы қатысқан Түркістан облысы әкімі Нұралхан Көшеров пен Түркістан облысының прокуроры Мұрат Тлеубердиев сөз сөйлеп, адал қызмет пен жоғару жауапкершілік мемлекеттік басқару жүйесінің тетігі екенін атап өтті. Олар жастарды парасаттылық пен әділет қағидаттарын ұстануға шақырды.

– Жас мемлекеттік қызметшілер форумы – жастық жалын мен жаңа идеялар тоғысқан үлкен алаң! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Елге аянбай еңбек ететін, өзін үнемі жетілдіріп отыратын жаңашыл жастар қажет» деген сөзі бар. Сондықтан бүгінгі форум сіздерге серпін береді деп сенемін. Биыл Түркістан қаласының облыс орталығы атанғанына 7 жыл болды. Осы аз уақытта облысымызда ауқымды жұмыстар атқарылды. Оған жас мемлекеттік қызметшілер үлкен үлес қосып келеді. Бүгінде облыс аумағында 3 мыңнан аса мемлекеттік қызметкер еңбек етсе, оның ішінде жастардың саны жыл сайын артып отыр. 2 аудан-қалада жастар әкім болып, жемісті еңбек етуде. Өңірлік кадр резервшілері арасынан 17 жас маман мемлекеттік қызметке қабылданды. Биыл мемлекеттік қызметтегі 858 бос орынға 1 437 үміткер қатысты. Оның ішінде 307 жас маман жұмысқа қабылданып, меритократия деңгейі 21,4%-ды құрады. Қазір Түркістан тек рухани орталық қана емес, жастардың, инновацияның, технологияның қаласына айналып келеді, – деді облыс әкімі Нұралхан Оралбайұлы.

Форумға қатысушылар сыбайлас жемқорлықтың қоғамға зияны және адалдық құндылығына арналған бейнероликті тамашалады. Шараны ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Абылайхан Наурызбаев жүргізді.

Маңызды жиында Мемлекеттік қызмет саласындағы «Astana Hub» басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменов, Мемлекет және қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазықызы, Түркістан облысының экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерболат Балғабаев тақырыпқа байланысты өз ойларын ортаға салды. Сонымен қатар «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жұмыстарды ілгерілету мәселелері сөз болды.

Білікті спикерлер адал азаматтардың көп болуы – еліміздің өркендеуінің негізгі кепілі екенін айтып, мемлекеттік қызметшінің ар-ожданы жоғары болса, мемлекет дамитынын атап өтті. Сондай-ақ жастар арасында адалдық мәдениетін жүйелі түрде қалыптастыру керектігін жеткізді. Келелі басқосуда әділдік пен адалдық құндылықтарын нығайту жөнінде нақты ұсыныстар айтылды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You