
Түркістан қаласының білім бөліміне қарасты Әмір Темір атындағы №3 жалпы білім беретін мектептің 60 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтті. Бұл – алты ондықты артқа тастаған білім ордасының ғана емес, мыңдаған шәкірттің жүрегінен орын алған ұмытылмас сәттер мен тағылымды тарихтың мерекесі.
Мерейтой аясында бірқатар маңызды іс-шаралар ұйымдастырылып, мектеп шежіресінің жаңа парағы ашылды. Солардың алғашқысы – мектептің алғашқы директоры, мемлекет және қоғам қайраткері Әбілбек Бейсенұлы Тобағабыловтың құрметіне арналған мәжіліс залының ашылуы болды. Лента қию рәсіміне Түркістан қаласы білім бөлімінің басшысы Бақытжан Төлімбет, Түркістан қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы, ардагер ұстаз Жарқынбек Құлбайымбетов, сондай-ақ Әбілбек Бейсенұлының қызы Дариға Әбілбекқызы қатысты.
Білім мен азаматтық борыш жолында өлшеусіз еңбек еткен Әбілбек Тобағабылов – соғыс және бейбіт кезеңдерде ел дамуына үлкен үлес қосып, он рет түрлі деңгейдегі депутаттыққа сайланған дара тұлға. Оның есімі бүгінде өскелең ұрпаққа үлгі ретінде жаңғырып отыр.
Мерекелік шара одан әрі мектеп музейінің ашылуымен жалғасты. Музей лентасын Алматы қаласындағы Өзбекстан Республикасының Бас консулдығының консулы Абдумажид Досимов, Түркістан облысының психологиялық қолдау орталығының басшысы Оразкүл Қолдасова, Түркістан қаласы әйелдер кеңесінің төрайымы Ұлжан Мұстапаева қиды. Жаңа музей мектептің бай тарихын, Әмір Темір бабамыздың ерліктерін кеңінен таныстырады және тарихи шаһардың құнды жәдігерлерімен толықтырылып отыр.
Салтанатты шара барысында мектебіміздің түлегі, ауған соғысында ерлікпен қаза тапқан Абдулхаким Ергешовтың есімі берілген алғашқы әскери дайындық кабинеті де ашылды. Бұл маңызды нысанның лентасын Түркістан облысы Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері кеңесінің төрағасы Тұрғанбек Аширұлы Бегімов, Түркістан облысы қорғаныс істері жөніндегі департаменті басқарма бастығының орынбасары, капитан Руслан Садиков және батырдың анасы Мукарам Ергешова қиды. Бұл мектептің «Жас сарбаз» ұйымына үлкен серпін беретін тарихи сәт болды.
Мерейтой «Арманға бастаған асыл мекен» атты мерекелік концертпен қорытындыланды. Концерт барысында лауазымды тұлғалар, қаланың құрметті азаматтары, ардагер ұстаздар мен мектеп түлектері жүрекжарды тілектерін білдіріп, мектеп ұжымы мен оқушыларына ақ баталарын берді.
60 жыл – тек уақыт межесі ғана емес, ұрпақ санасына сіңген ұлағат пен ұрпақтар жалғастығының нышаны.
Естеріңізде болса, былтыр ақпан айында Түркістан қаласында №3 Әмір-Темір атындағы жалпы білім беретін мектептің жаңа ғимаратының ашылу салтанаты өткен-ді. 300 орындық жаңа ғимарат оқушылардың сапалы білім алуы үшін пайдалануға берілді. Білім ордасында заманауи пән кабинеттері мен компьютер, мультимедиа, лингафон сыныптары мен спорт залы да қарастырылған. Бұл осында білім алатын 400-ден астам оқушының өз білімдерін тереңдетуіне зор мүмкіндік береді. Жаңа білім ұясы 2 ауысымда 400-ден астам оқушыға 60 мұғалім дәріс береді. 11 сынып қазақ тілінде, 11 сынып өзбек тілінде білім алады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
