Түркістан қаласында “Соңғы қоңырау” соғылып, 3069 түлек мектеп бітірді

Бүгін еліміз бойынша мектептерде “Соңғы қоңырау” соғылып, мыңдаған түлек алтын ұя мектебімен қоштасып жатыр. Түркістан қаласында да бұл күн ерекше аталып өтілуде.

Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы Төле би атындағы №19 жалпы орта білім беретін мектепте өткен «Мектебім, саған мың алғыс!» атты “Соңғы қоңырау” салтанатына қатысып, ұстаздар мен ата-аналарды және мектеп бітіруші түлектерді құттықтады.

— Сіздерге сенім артып отырған ел бар, үміт күткен ата-ана, талмай еңбек еткен ұстаз бар. Арманға апарар жол – білім мен еңбектен басталатынын ұмытпаңыздар. Қайда жүрсеңіздер де туған жердің, қасиетті Түркістанның атын абыроймен шығарыңыздар! Сіздерге ақ жол, жарқын болашақ, сәттілік пен табыс тілеймін! – деді қала басшысы.

Түркістан қаласында биылғы оқу жылын 55252 оқушы бітіріп отыр. Оның ішінде 3069 оқушы 11-сыныпты бітірсе, 5739 оқушы алғашқы оқу жылын аяқтады. Олардың ішінде 244 түлек «Үздік аттестатқа», 183 түлек «Алтын белгіге» үміткер бар. 44 мектептен 2799 түлек Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысады.

Бүгін – әрбір оқушы үшін ерекше күн. Бұл – бір оқу жылының мәресіне жетіп, жаңа өмір белесіне қадам басар сәт. Әсіресе, 11-сынып түлектері үшін бұл күн балалықпен қоштасып, үлкен өмірге жолдама алар тарихи сәт.

Жалпы, 2024-2025 оқу жылы Түркістан үшін нәтижелі болды. Білім сапасы жылдан-жылға артып келеді.

Оқу жылының соңғы күні барлық мектеп бітірушілері үшін «Білімім — Отаныма» тақырыбындағы салтанатты шарамен қорытындыланды. Мағжан Жұмабаев атындағы №15 мектеп-гимназияда өткен салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Дәулетұлы Тәжібаев қатысып, ұстаздар мен түлектерді қуаныштарымен құттықтады.

Атап өтерлігі, аяқталғалы отырған оқу жылы өңір үшін де жемісті жыл болды. 2024-2025 оқу жылында 33 884 оқушы 11-сыныпты тәмамдады. Оның 2313-і – «Алтын белгіге» үміткерлер, 2400 оқушы жалпы орта білім беру туралы «Үздік аттестатқа» үміткер атанды. Ал ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға 27 386 оқушы өтінім білдірген.

– Сіздерді Оқу жылының аяқталуымен құттықтаймын! Биыл Наурыз айында өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Біздің басты күшіміз – адам және оның жасампаздық әлеуеті» деп айтқан болатын. Осы оқу жылында облыста білім саласында барлық білім алушылардың жағдайы үшін көптеген жұмыстар атқарылды. Түркістан облысында биылғы оқу жылында жалпы 1093 мектепте 553 мыңнан астам оқушы білім алды. Облыс оқушылары әртүрлі республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобаларға қатысып, 12 алтын, 16 күміс, 27 қола медаль иеленді. Еліміздің болашағы – сіздердің қолдарыңызда. Сондықтан әр кезде терең білім алу жолында жалықпай, талмай, ізденіп, ел тізгінін ұстайтын азамат болуларыңызды тілеймін, – деді Бейсенбай Дәулетұлы.

2026-2028 жылдар аралығында Түркістан облысында 16100 орынды 53 мектеп салу жоспарлануда. Облыста биыл 100-ден мектепте ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Айта кетейік, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бұйрығына сәйкес оқу жылы 34 аптаға жалғасты. Бүгін барлық 1-11 сынып оқушылары үшін «Білімім – Отаныма» тақырыбында бірыңғай сынып сағаты өткізілді. Бұл оқушылардың жыл бойы алған білімін қорытындылап, отансүйгіштікке тәрбиелеуге бағытталған.

Аяқталғалы отырған оқу жылы облыс үшін жемісті жыл болды. 2024-2025 оқу жылындағы қоғамдық-гуманитарлық және жаратылыстану бағыттағы республикалық олимпиадаға қатысушы-командалардың сапалық рейтингі бойынша Түркістан облысы үздік үштікте. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың білім саласындағы 20 өлшемшарттан тұратын рейтинг көрсеткішінің нәтижесінде республика бойынша «Үздік 100 мектептің» қатарына Түркістан өңірінен 5 білім ордасы енді.

Мемлекет тарапынан білім саласына жасалынып жатқан жағдайлар мен педагогтар мен оқушылардың айтулы жетістіктеріне тоқталған Бейсенбай Дәулетұлы оқу жылында зор кәсіби жетістіктерге қол жеткізген облыс мектептерін атап өтіп, ұстаздарды марапаттады.

Түркістан қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетұлы мен Түркістан қаласы білім бөлімінің басшысы Бақытжан Нұрмаханбетұлы да түлектерге жарқын болашақ тілеп, «Алтын белгіге» үміткер, түрлі білім және спорт сайыстарында қала мен облысымыздың абыройын асқақтатқан түлектерді марапаттады.

Сондай-ақ, ата-аналар мен үздік оқушылар 11 жыл бойы білім берген ұстаздарына шынайы алғыстарын жеткізді.

Айта кетейік, мектеп оқушылары үшін оқу жылының соңғы сабағында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының құндылықтарына басымдық берілді. Білім алушылар «Таза Қазақстан», «Заң және тәртіп», «Адал азамат» тақырыптық бағыттары бойынша эссе жазу байқауларына қатысты.

Биыл 11-сыныптар арасында 183 оқушы «Алтын белгіге», 244 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер атанып отыр.

Расын айту керек, қазіргі таңда бала тәрбиесінде мұғаліммен қатар отбасынан яғни ата-анадан енетін құндылықтардың да маңызы зор. Жасөспірім негізгі тәрбиені отбасынан алатындығын ескерсек, олардың болашағы үшін бірлесе жұмыс атқару қажеттілігін түсінеміз. Облыс орталығында ата-аналармен өткен ауқымды басқосу осы тақырып аясында болды. Басқосуды Түркістан қаласы білім бөлімінің басшысы Бақытжан Нұрмаханбетұлы ашып, басқосудың бала тәрбиесіндегі маңыздылығын, ұлттық құндылықтарды бала бойына сіңіру жолдарын атап өтті.

Ата-аналар мен педагогтар алдында Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мекенхан Қозыханұлы, Түркістан қаласы Прокуратурасының прокуроры Асхат Артықбайұлы, Түркістан қаласы Әйелдер кеңесінің төрайымы Ұлжан Әбенқызы, Түркістан ҚПБ ЖПҚ ювеналды полиция тобының аға упи полиция майоры Керім Жақыпбекұлы, Түркістан қаласының Төтенше жағдайлар басқармасының аға офицері капитан Бекжан Әлімбайұлы, Түркістан қалалық емханасынан Мадина Шынасылқызы, Білім-инновация лицейі директорының қоғамдық даму бойынша орынбасары Санжар Нұранұлы сөз алып, маңызды баяндамалар жасады.

Баяндамалар барысында оқушылардың білім сапасы, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық, жазғы демалыстарын ұйымдастыру және қауіпсіздігін қамтамасыз ету сияқты маңызды тақырыптар қамтылды.

Сонымен қатар, бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі туралы әсерлі көрініс пен бейнебаян көрсетіліп, білім бөлімінің басшысы Бақытжан ТӨЛІМБЕТ тарапынан ұлттық құндылықтарды бойға сіңіретін әдебиеттер тізімі ұсынылды.

Әдетте оқу жылы аяқталып, “Соңғы қоңырау” соғылған сәттен бастап келесі оқу жылына дайындықты бастап кетіп, құрылыстың шегесі қағылады. Ертең 24 мамырдан бастап №31 Абай атындағы, №17 Ата Түрік атындағы, №7 Саттар Ерубаев атындағы, №9 Некрасов атындағы мектептерде кешенді (капитальный) жөндеу жұмыстары басталады. Осыған орай қаланың білім бөлімінің басшысы мердігер мен мектеп басшылығын жиып, объект басында сыртқы жиналыс өткізді. Басталған демонтажды 10 маусымға дейін бітіріп, құрылыс жұмыстары мерзімінде бітіп тапсырылатынын айтты мердігерлер.

Аталған төрт мектепке қыркүйекте жалпы 7000 аса бала оқуға баратынын ескерткен басшы құрылыс жұмыстарының үздіксіз жүруі жіті қадағаланатынын атап өтті.

Айтпақшы, ұмытып барады екенбіз, реті келгенде әлемнің 18 университетінен шақырту алған түркістандық мектеп мақтанышы жайлы да айта өтсек.

Талайларды терең білімімен таң қалдырған дарынды оқушылар мектебінің ғана емес, Түркістан қаламсының да мақтанышына айналуда. Сондай талапты оқушыларымыздың бірі – Жұмабек Тәшенов атындағы №23 ІТ мектеп-лицейінің биылғы түлегі, «Алтын белгіге» үміткер үздік оқушы Елдана Ибраим әлемнің беделді 18 университетінен шақырту алды.

Атап айтқанда:

Америка Құрама Штаттарындағы (USA)

  1. New York Institute of Technology;
  2. Michigan State University;
  3. Penn State University;
  4. Worcester Pikytechnic Institute;
  5. University of Washington;
  6. Marquette University;
  7. University of Massachusetts;
  8. Temple University;
  9. Rutgers University;
  10. Indiana University;
  11. La Roche University;
  12. Purdue University;
  13. Arizona State University;

Ұлыбританиядағы (United Kingdom)

  1. University of East London;
  2. University of Roehampton;
  3. University of Westminster;
  4. Coventry University;
  5. Чехия университеті секілді жоғары оқу орындары.

«Ағылшын тілін терең меңгерген, «IELTS 6,5» сертификатына ие зерек шәкіртімізбен мақтанамыз!» — дейді ұстаздары.

Біз де Елданаға әрдайым жолының ашық болуын, мектебінің ғана емес, таңдаған оқу орнының да мақтанышына айналуын тілейміз!

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You