
Қасиетті Түркістан қаласы биыл Түркі мемлекеттері ұйымы басшыларының бейресми саммитін қабылдайды. 2026 жылғы 15 мамыр күні Түркістан қаласында Түркітілдес мемлекеттер ұйымының бейресми саммиті өтеді. Аталған маңызды халықаралық іс-шараға Түркі мемлекеттерінің жоғары деңгейдегі басшылары қатысып, өңірде саяси және дипломатиялық маңызы зор тарихи жиын ұйымдастырылады.
Маңызды саммиттің өтетіні туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев наурыз айында Түркістан өңіріне жасаған жұмыс сапарында мәдімдеген болатын. Бұл – түркі әлемі үшін тарихи әрі символдық маңызы зор оқиға. Ғасырлар бойы түркі өркениетінің рухани орталығы саналған Түркістанда өтетін кездесу бауырлас мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеріп, түркі бірлігінің маңызын айқындай түспек.
Түркі мемлекеттері ұйымы аясындағы бейресми саммиттер мемлекет басшыларына еркін пікір алмасуға, ортақ мәселелерді талқылауға және өзара сенімді нығайтуға мүмкіндік беретін маңызды саяси алаң ретінде қалыптасты.
Биылғы бейресми саммиттің Түркістанда өтуі кездейсоқ емес. Түркі халықтарының ортақ тарихы мен рухани тамырын тоғыстырған көне шаһар бүгінде түркі әлемінің маңызды мәдени және саяси орталықтарының біріне айналып келеді. Саммиттің басты тақырыбы «Жасанды интеллект және цифрлық даму» болады деп жоспарланған. Түркістан төріндегі алқалы жиынға ұйымға мүше және бақылаушы мемлекеттердің басшылары, түркі институттарының және халықаралық ұйымдардың жетекшілері қатысады деп күтіліп отыр.
Түркістан төрінде өтетін бұл маңызды кездесу түркі мемлекеттері арасындағы бауырластық байланыстарды бекемдеп қана қоймай, түркі әлемінің халықаралық аренадағы беделін арттыруға да серпін береді. Бүгінде киелі шаһар өз тарихындағы аса маңызды жиынды өткізуге қорытынды дайындықтарын пысықтап жатыр. Түркілер төріндегі маңызды басқосу Түркі әлемін біріктіріп, бауырластық пен бірліктің туы биік желбірей түседі деген сенім мол.
Айтпақшы, осы ретте Түркістан қаласы мен Түркістан облысының тұрғындарына және қала қонақтарына құлаққағыс жасай кетсек. Жоғарыда айтылған шараға байланысты 2026 жылғы 10–15 мамыр аралығында Түркістан қаласының аумағында қауіпсіздікті қамтамасыз ету, делегациялардың еркін қозғалысын ұйымдастыру және саммитті жоғары деңгейде өткізу мақсатында автокөлік қозғалысына уақытша шектеулер енгізіледі.
Уақытша шаралар Қожа Ахмет Ясауи кесенесі маңы, Жаңа қала аумағы, 9-шы көше, Саттарханов даңғылы, сондай-ақ қажеттілікке байланысты жекелеген көшелердің аумағын қамтиды. Аталған аумақтарда қозғалыс тәртібі уақытша өзгертіліп, көлік ағынын реттеу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қосымша шаралар қабылданады. Қала аумағында жол қозғалысын реттеу үшін уақытша жол белгілері мен бағыттаушы көрсеткіштер орнатылып, тұрғындар мен қонақтарға қолайлы жағдай жасау көзделуде. “Осы кезеңде қала тұрғындары мен қонақтарынан енгізіліп отырған уақытша шектеулерге түсіністікпен қарап, өз қозғалыс бағыттарын алдын ала жоспарлауды сұраймыз. Бұл шаралар Түркістан қаласында өтетін халықаралық деңгейдегі маңызды саммиттің қауіпсіз, ұйымдасқан әрі жоғары деңгейде өтуін қамтамасыз етуге бағытталған”, — дейді жауаптылар.
Иә, Түркістан – ықылым заманнан тарихи һәм саяси орталық болған тарихи шаһар. Биыл қаланың жылнамасы аса маңызды оқиғамен толықпақ.
Облыс орталығында Түркі мемлекеттері ұйымы басшыларының бейресми саммиті өтеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен шаһар осы ауқымды іс-шараны өткізуге дайындықты күшейте түсті. Бүгінде қасиетті шаһар «тотыдай таранып, сұңқардай сылана» түсті. Қожа Ахмет Ясауидей ғұламаның ілімі мен білім нұры, Қазақ хандығының айбарлы хандары, батырлары мен билерінің ізі қалған Түркістан енді Түркі әлемін біріктіретін саяси орталыққа айналып келеді. Қуаныш ұзағынан болғай! Жасай бер, тарихы терең, күн сайын жаңарған ұлы шаһар!
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
