
Түркістан қаласында №2 жедел медициналық жәрдем бекеті күрделі жөндеуден өтіп, дәлірегі, бұрын ұзақ уақыт қараусыз тұрған ғимарат толықтай жаңғыртылып, заманауи талаптарға сай медициналық нысан ретінде қайта ел игілігіне пайдалануға берілді. Нысанның салтанатты ашылу рәсіміне қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы мен мәслихат депутаттары, денсаулық сақтау саласының өкілдері мен қала тұрғындары қатысты.
Қала басшысы Әзімбек Пазылбекұлы медицина қызметкерлерін жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтап, Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында денсаулық сақтау саласын дамыту, жедел медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді.
– Бүгінгі жаңартылған бекет – сол жұмыстардың нақты нәтижесі. Жедел медициналық жәрдем – адам өміріне тікелей жауапты аса маңызды сала. Сондықтан бұл бекеттің толыққанды жұмыс істеуі қала тұрғындары үшін үлкен маңызға ие. Осы орайда, жедел жәрдем қызметінде еңбек етіп жүрген барлық медицина қызметкерлеріне алғыс білдіремін. Сіздердің кәсіби біліктіліктеріңіз бен жанқиярлық еңбектеріңіз әрдайым құрметке лайық. Алдағы уақытта да қала тұрғындарының денсаулығын жақсартуға бағытталған жұмыстарды кезең-кезеңімен жалғастыра береміз, – деді қала басшысы.
Қараусыз қалған ғимарат қайта жаңғыртылып, қажетті инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілді. Ғимаратта медицина қызметкерлерінің жұмыс істеуіне барлық қолайлы жағдай жасалған. Бұл өз кезегінде тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын жаңа деңгейге көтереді.
Қазіргі таңда №2 жедел медициналық жәрдем бекетінде тәулік бойы 10 жедел жәрдем бригадасы, оның ішінде 2 дәрігерлік және 8 фельдшерлік бригада қала тұрғындарына қызмет көрсетеді. Бекетте жалпы 127 медицина қызметкері еңбек етіп, күндіз-түні халықтың денсаулығы мен өмірін сақтауға үлес қосып отыр.
Атап өтерлік жайт, қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы Түркістан қаласы аумағындағы қараусыз қалған ғимараттардың жай-күйі мен атқарылып жатқан жұмыстарды үнемі саралап, бақылауда ұстап отырады. Мәселен, бір апта бұрын ғана осы бойынша лездемелік мәжіліс өткізді. Қала басшысы Әзімбек Пазылбекұлы осыған дейін мемлекеттік құзырлы органдардың қатысуымен арнайы жиын өткізіп, жұмысшы топ құрған болатын. Бүгінде зерделеу жұмыстары нәтижесінде қала аумағында жалпы 70 қараусыз қалған нысан анықталған. Аталған ғимараттардың 12-сі жойылып, қалған ғимараттардың иелерімен ретке келтіру немесе сүру бағытында жұмыс атқарылуда.
Қала әкімі аталған жағдайға байланысты бірқатар сын-ескертулер айтып, орындалмаған нысандардың қауіпсіздік деңгейіне ерекше назар аударуды, 20 желтоқсанға дейін толық ретке келтіруді тапсырды. Әсіресе, балалар мен тұрғындардың өмірі мен қауіпсіздігіне төнуі мүмкін қатерлердің алдын алу қажеттігін атап өтті.
Сонымен қатар, мәжілісте түнгі жарықтандыру жоқ көшелер мәселесі де қозғалды. Қала аумағында анықталған 38 көшенің 27-сінде жарықтандыру жұмыстары аяқталған. Ал қалған 11 көшеде жұмыстар әлі де жалғасуда. Қала әкімі коммуналдық шаруашылық бөліміне жарықтандыруды толық іске қосуды, адам өмірі мен қауіпсіздігіне аса жауапкершілікпен қарауды, уақытылы орындамаған жауапты тұлғаларға қатаң шара көруді тапсырды.
Ал қараша айында қараусыз қалған ғимараттар мәселесін өзінің төрағалығымен және қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Амантайұлы, қала прокуроры Қаукен Бахытбайұлы, полиция басқармасының басшысы Жасұлан Қаржаубайұлының және өзге де дербес бөлім басшыларының қатысуымен кезекті аппараттық мәжілісте талқылады. Қала басшысы алдымен бірқатар тұйық көшелердегі жарықшам орнатуды қажет ететін орындар мен қараусыз қалған ғимараттардың жай-күйі бойынша әзірленген зерделеу жұмыстарының нәтижесін тыңдап, арнайы жұмыс тобын құруды, сәйкесінше құзырлы органдармен бірлесе ретке келтіруді тапсырды.
Мұнан өзге мәжілісте қаланың инфрақұрылымдық дамуы, қоғамдық-саяси тұрақтылық, этносаралық ахуал, мәдениет және спорт саласындағы көрсеткіштер мен алдағы жоспарлар талқыланды.
Биыл Түркістан қаласында қала әкімдігінің ұйымдастыруымен 186 мәдени шара ұйымдастырылып, жалпы 80 795 адам қамтылған. Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде 355 594 — кітап қоры, 22 591- оқырманға, жылдық келушілер саны — 189 904-ке жеткен.
Спорт бағытында 159 спорттық іс-шара өтіп, 34 851 адам қамтылған. Биыл қаланың халықаралық деңгейдегі жарыстарға қатысу көрсеткіші де едәуір артқан.
Жиын соңында Әзімбек Пазылбекұлы барлық бөлімдерге есептілікті емес, нақты нәтижеге жұмыс жасауды, мәдени іс-шаралардың мазмұнын күшейтіп, ұлттық құндылықтар мен тарихқа негізделген бағыттарды көбейтуді, спорттық жарыстардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін полиция мен ТЖБ-на бірлесе атқаруды, әлеуметтік желілерде тұрғындар тарапынан туындайтын мәселелердің алдын алу үшін уақытылы түсіндіру жұмыстарын жүргізуді, сондай-ақ, жыл соңына дейін жоспарланған мерекелік іс-шараларды жоғары деңгейде ұйымдастыруды тапсырды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
