![]()
Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы 11-көшедегі тұрғындармен кездесіп, олардың күнделікті тұрмысқа қатысты өтініш-тілектерін тыңдады. Кездесуге көппәтерлі тұрғын үйдегі кейбір пәтерлерге ыстық судың берілмеуіне байланысты тұрғындардың көтерген мәселесі себеп болды.
Қала әкімі жағдайды көзбен көріп, мәселенің мән-жайын тұрғындардың өзінен тыңдады. Сонымен қатар жауапты сала мамандарының түсіндіруін тыңдап, инженерлік жүйелердің жұмысындағы қалыптасқан жағдайды орнында зерделеді.
Мамандардың айтуынша, жаңа тұрғын үй кешендерінде пәтерлердің толық қоныстанбауына байланысты инженерлік жүйелерді іске қосу және пайдалану барысында бірқатар ұйымдастыру мәселелері туындаған. Бұған дейін мердігер мекеме тарапынан қажетті жұмыстар атқарылғанымен, тұрғын үйдің толыққанды пайдаланылуына байланысты жекелеген мәселелерді реттеу қажеттігі туындап отыр.
Кездесу барысында көппәтерлі тұрғын үйді басқару мәселесіне де назар аударылды. Тұрғындарға ортақ мүлікті күтіп ұстау, инженерлік жүйелердің тұрақты жұмысын ұйымдастыру және үйге қатысты ортақ мәселелерді шешу үшін мүлік иелерінің бірлестігін немесе пәтер иелері кооперативін құру қажеттігі түсіндірілді. Мұндай басқару құрылымы тұрғындардың ортақ мүддесін үйлестіріп, үйді күтіп ұстау мен пайдалану жұмыстарының жүйелі жүргізілуіне мүмкіндік береді.
Қала әкімі жауапты сала мамандарына тұрғындармен бірлесіп, мәселені жан-жақты қарауды және қажетті жұмыстарды уақытылы жүргізуді тапсырды. Әсіресе, алдағы жылу беру маусымына дейін тұрғын үйдің инженерлік жүйелерінің толық дайындығын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.
«Тұрғындардың өтінішін тыңдау – біздің жұмыстың бір бөлігі. Ең маңыздысы – көтерілген мәселе шешімін тауып, оның нәтижесін тұрғындар сезінуі керек», – деді Әзімбек Пазылбекұлы.
Қала басшысының тұрғындармен тікелей кездесуі мәселені тек қағаз жүзінде қарамай, оның нақты себебін орнында анықтап, жауапты құрылымдардың жұмысын үйлестіруге мүмкіндік берді. Алдағы уақытта инженерлік жүйелердің дайындығы мен үйді басқаруға қатысты жұмыстардың жүйеленуі тұрғындарға қолайлы жағдай қалыптастыруға бағытталмақ.
“ANYQ.KZ”-ақпарат.
