
Жуырда Астана қаласындағы Назарбаев университетінде «Fibonacci International Robot» олимпиадасының республикалық кезеңі жоғары деңгейде өткен болатын. Жоғары деңгейде ұйымдастырылған олимпиада Қазақстанның барлық өңірлерінен 650 команда мен 2000-ға жуық қатысушыны жинады.
Бұл олимпиада – болашақ инженерлер мен робототехника саласындағы мамандарды даярлау мақсатында ұйымдастырылған маңызды шара. Роботтарды жобалау, бағдарламалау және техникалық мамандықтарды дәріптеу бағытындағы чемпионат қатысушылардың шығармашылық ойлауын, инженерлік дағдыларын және инновациялық қабілеттерін дамытуға үлкен мүмкіндік береді. Білім алушылар нақты техникалық және инженерлік мәселелерді шешу арқылы болашақ мамандықтарына дайындалады және STEM-білім берудің озық әдістерін меңгереді.
Олимпиаданың нәтижелері бойынша ең үздік командалар Түркияның Анталья қаласында өтетін халықаралық кезеңге жолдама алды. Осы жарыста үздік шыққандар Италияның Рим қаласында әлемдік додада бақ сынайды, ал ең мықтылары АҚШ-тағы финалдық кезеңде кездесетін болады.
Аталған олимпиадаға Түркістан қаласындағы «Tulga» жалпы білім беретін мектебінен екі команда қатысып, екеуі де жүлделі орындарға ие болып, халықаралық деңгейде ел намысын қорғау құқығына ие болды. Атап айтатын болсақ, «Elemet» тобындағы 7-сынып оқушылары Айлы және Бақдәулет ІІ орынды иеленсе, «Alpha» тобындағы 10-сынып оқушылары Нұржан мен Қаныш ІІІ орынды жеңіп алды.
Бұл – біздің оқушыларымыздың робототехника және инженерлік дағдыларда жоғары әлеуетке ие екендігінің дәлелі. Қаламыздан шыққан оқушылар алдағы жарыстарда жоғары белестерді бағындырып, еліміздің техникалық білім беру саласындағы көшбасшы ретіндегі мәртебесін одан әрі нығайтуға үлес қосатыны сөзсіз.
Бұл олимпиада инновациялық технологиялар, инженерия және бағдарламалау саласында дарынды жастарды анықтау және оларды қолдау мақсатында өткізіледі. Біздің оқушыларымыз әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігі, олардың заманауи технологияларды меңгеруі – мектебіміздің имиджін халықаралық деңгейге көтерудің бірден-бір дәлелі. Осы жетістік оқу ордасының білім беру жүйесінің сапасын және оның практикалық дағдылармен қамтамасыз етудегі тиімділігін көрсетеді.
Алдағы халықаралық кезеңдерде біздің командалар өздерінің мықтылығын дәлелдеп, Қазақстанның техникалық және инженерлік білім беру жүйесінің жоғары деңгейде екенін тағы бір рет паш ететініне сенімдіміз. Бұл жеңістер қаламыздың және «Tulga» жалпы білім беретін мектебінің ғылыми-инновациялық әлеуетін және болашақ мамандарды даярлаудағы маңызды орнын айқындайды.
Білім-ғылым туралы сөз қозғалғанда тілге тиек етер тағы бір ақпарат, М.Мәметова атындағы №6 жалпы білім беретін мектепте Түркістан қалалық білім бөлімі әдістемелік кабинетінің жылдық жоспарына сәйкес орыс тілі мен әдебиеті пәні бірлестігінің ұйымдастыруымен «Оқыту үдерісінде жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды қолдана отырып білім алушылардың интеллектуалды қабілеттерін дамыту» тақырыбында қалалық тәжірибелік семинар өтілді.
Оқыту үдерісінде жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды тиімді пайдалану арқылы білім алушылардың интеллектуалдық қабілеттерін, шығармашылығын және өзіндік білім алу дағдыларын дамытуды мақсат еткен семинар барысында білім беруде жаңашыл, озық технологияларды кеңінен қолдана отырып, шығармашылық көзқарасты қалыптастырып, оқушыларды өз ойларын еркін жеткізуге үйрету мақсатында А.Ташимова бастауыш сыныпта «Путешествие в мир сказок» тақырыбындағы әдеби-танымдық іс-шарасын өтті. Сонымен қатар, А.Манапова 10-сыныпта А.Платоновтың «Песчаная учительница» шығармасы бойынша ашық сабағын ұсынды. А.Шойбекованың 5-сыныптағы «Здоровый образ жизни» тақырыбындағы ашық сабағы да көпшіліктің көңілінен шықты. Сабақтарда оқушылар салауатты өмір салтының негізгі қағидаларымен танысып, суреттермен және кестелермен жұмыс жасады. Сондай-ақ, жаңа сөздер мен сөз тіркестерімен сөйлемдер құрады, шағын диалогтар мен мәтіндер құрастырып, өз ойларын жеткізді. Ал, А.Ташимова 7-сыныпта Б.Момышұлының «За нами Москва» шығармасы бойынша өткен ашық сабағы да ойдағыдай болды. Сабақта бейнеүзінділер, топтық тапсырмалар, постер қорғау, дискуссия сияқты әдістер қолданылып, оқушылардың қызығушылығы мен белсенділігі артты. Нәтижесінде, оқушылар тек тілдік материалмен жұмыс жасап қана қоймай, рухани тұрғыда байып, елге деген сүйіспеншілік, батырлық пен ерлікке құрмет сезімдерін тереңінен ұғынды.
Оқушылардың логикалық ойлау қабілетін дамыту, ақпаратты тез талдау және дәлелді жауап беру дағдыларын жетілдіруі мен қатар оқушылардың орыс тілі мен әдебиеті бойынша білімдерін кеңейтіп, есте сақтау қабілетін жақсарту мақсатында «Слабое звено» тақырыбында интеллектуалды ойынын А.Манапова сыныптан тыс іс-шарасы ретінде өтті.
Әрбір ашық сабақ пен іс-шара оқушылардың танымдық белсенділігін арттырып, олардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға бағытталды. Мұғалімдер сабақ барысында инновациялық әдістерді қолданып, оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыруға ықпал етті. Оқушылар барлық сабақтарда өз белсенділіктерін көрсете білді.
Семинар соңында келген қонақтар өз ризашылықтарын білдіріп, ұстаздарға шығармашылық табыс, шабыт пен жаңа жетістіктер тіледі. Олар мұндай тәжірибе алмасу алаңдарының маңыздылығын атап өтіп, болашақта да осындай мазмұнды, әсерлі іс-шаралардың жалғасын табуына тілектестік білдірді.
Семинар қатысушыларының жылы лебіздері мен оң бағасы – бұл мектеп ұжымының еңбегіне берілген әділ баға және жаңа жетістіктерге жетелейтін қуатты мотивация!
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
