
Жас дарын иесі, Жұмабек Ташенов атындағы №23 ІТ мектеп-лицейінің 6-сынып оқушысы Сымбат Орынтай жалпы білім беретін пәндер бойынша 5-6-шы сынып оқушыларына арналған Республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңінде қатарластарының алды болып, олимпиада жеңімпазы атанды.
Мектебінің ғана емес, қала мен облыстың мерейін үстем еткен Сымбаттың бұл биігі — білімге деген ынта мен табандылықтың, мұғалім мен оқушы арасындағы үздіксіз еңбектің жемісі. Сонымен қатар, білім бәйгесіндегі жеңіске ата-анасының, пән мұғалімі, тәжірибелі ұстаз Айжан Сейтбекованың және Жаңыл Жарылқасынқызы басшылық жасап отырған педагогикалық ұжымның қосқан үлесі зор.
Тынымсыз қажырлы еңбек, білім беру ісіне деген адалдық, кәсіби шеберлік, үздіксіз ізденіс әрқашан биікке жетелейтіндігі анық. Бұл жеңіс – осының айқын дәлелі болып отыр.
Осы ретте атап өтер тағы бір жайт, жас ұрпаққа саналы тәрбиемен қатар кәсіби бағдар беруде мектеп үйірмелерінің алар орны ерекше. Сондықтан да білім мекемелерінде үйірме жұмыстарын жүргізу жүйелі жүргізіліп келеді. Ал, үйірме жетекшілерінің кәсіби біліктіліктерін шыңдап отыру да күн тәртібінен түскен емес.
Жуырда ғана өткен «Үздік үйірме жетекшісі» қалалық байқауының жеңімпазы облыстық байқауда да Түркістан қаласы ұстаздарының мерейін үстем етті. Дәлірек айтсақ, Әмір Темір атындағы №3 жалпы білім беретін мектебінің қосымша білім беру педагогы Жанна Түгелбайқызы Бименгазиева облыстық «Үздік үйірме жетекшісі» байқауында I орынды жеңіп алды.
Кәсіби шеберлік мен шәкірттеріне деген ерекше ықылас, еңбек, табандылық және шығармашылық ізденіс Жанна Түгелбайқызын биік белеске жеткізіп отыр. Өзінен кейінгі жас мамандарға үлгі бола білген жеңімпаз педагогтың жетістік жолы мұнымен шектелмейтіндігіне сенімдіміз.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
